Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  108


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Алатауды бетке алып жырақта әсем...

Марқұм Махамбетов Мақсатқа.


 


Алатауды бетке алып жырақта әсем
Ақтөбеден кетсең де жылап бәсең,
Қайта оралдың сағынып.
Көргенiңдi
Жеткiзе алмай жатырсың бiрақ та сен.
Iзетiне iлескен iрi сенiм
Сен тiрi едiң,
Тiрiнiң тiрiсi едiң...
Аңсап келген елiңнен
азалы топ
Қайда әкетiп барады, iнiшегiм?
Жеткiзбеген сорлы ажал көзге елесiн –
Жиырма бес жас шықпаған боз белесiң.
Сенi iлдi де
Жұртыңның көз-жасына
Кеттi тағдыр жүйткiтiп өз кемесiн.
Балаушы едiм алтынға әр iзiңдi,
Қол қысқарақ...
Қысқаның бәрi жынды.
Күйеу жұрт деп өзiңе пайғамбар боп
Жарытпаппын өтеп те парызымды.
Тiрлiктенбiз, амал не, айтары – мұң.
Сұрап келмес ажал да – сайқал ұғым.
Жоқ, ол да бiр сын шығар заңы басқа
Қияметте бiр өтейтiн қайтарымын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу