Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  85


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Шешемнiң жауабы

– Шеше, жасыңнан сенiң «Тыныштық»
деп атыңды атасам да, есейе келе не
дерiмдi бiлмей өзiмнен өзiм қысыламын.
Неге басқаша үйретпегенсiң?


 


– Әкесi бар баладан қалыс қылман, –
Деп сенi атаң өз атына ауыстырған.
Менi әу баста ол сезiмтал жүрегiңе
«Тыныштық» деп, жеңгең деп таныстырған.
Еркелеттi жан атаң,
Аптықпа ендi,
Орынды сөз, оқасы жоқ түк те ендi.
Қайтқан-ды атаң,
Әйтсе де, балаңмын деп
Айтпауың да жаныма шаттық бердi.
Iлтипатты бүркеген өкiл есiм –
Құлақ нәрi,
несiне өкiнесiң?
Көрген көзге қысылмай қайталай бер,
Жақсылықтан басқа жұрт не тiлесiн?
...Сұрапыл жыл сұрынан сұс төгедi,
Жер-анаға ентiге тiстенедi.
Қуаныш пен қайғының тасасынан
Бiздiң үйге бiр хабар түскен едi.
Қаралы хат...
Үмiттер әлi өшпедi.


Суға кеттi дей ме екен жан ескегi?
Ерсiз қалған анамды жұбатқан да
Сол кездегi шыр еткен нәресте едi.
«Шалшығында қайғының әмiр кештiк,
Кеше тұра өзара «сабыр» дестiк,
Ол iңгәлап, сен қоса жылағанмен
Азалы үндi жарытпас Тәңір де естiп.» –
Деп тоздырып жұрт күн-түн есiгiмдi,
Тоқтау айтып шешеме неше үңiлдi.
Жеңiс лебi ескенде тыныш елге
«Тыныштық» деп қойыпты есiмiмдi.
Сұр далаға сұсты елес қош дедi де
Содан мәңгi келместiң көштi елiне.
Өкiнбе, ұлым, сондықтан «Тыныштық» деп,
Ана ұранын қайталап өскенiңе.
1985 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу