Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  165


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Парасаттың жалғасы емес пе едік...

М.Тәшеновке.


Түнекте де түлігі өрістеген,
Ұлттық рухы тілдескен періштемен,
Тектіліктің тұғыры – Тарбағатай
Тумасынан айырылды Мелс деген.
Қоштасса да жамағат қайғырып тым,
Шамшырағы сөнбесін бойда үміттің.
Тарихымнан сұлтандық рух дарыған
Тұяғы еді ол қанатты сәйгүліктің.
Қимады Алла бізге де сүйікті ұлды,
Тұғырды оған мәңгілік биік қылды.
Бұл пәниге сыймаған құдіреті
Шексіздіктің шегіне тиіп тұрды.
Тосын хабар жалғаса жұрт құлағы,
Көзді нөсер, көңілді бұлт қылады.
Шексіздіктің шегін де қақ айырып,
Ізгілікті жаудырды ұлт қыраны.
Біздің тағдыр өзара сабақтасты,
Бал дәуренді жетімдік тонап қашты.
Қиындықта қол ұшын берді ағамыз,
Бәрі де өтті,
Уақыт қабақты ашты.
Жетімдікке қолды боп нәрестелік,
Болашаққа «құрдымнан» елестедік...


Біз өлмедік,
Өйткені, мәңгі өлмейтін
Парасаттың жалғасы емес пе едік?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу