Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  99


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Қызылкесiкте

Отау тiгiп ұлдарың, Қызылкесiк,
Ошақ құрды дегенмен қызың да өсiп.
Табан тiреп тоқтапсың мұң тiрлiкке
Тауқыметтiң тағы да сызын кешiп.
Мезi мезгiл қиналды мың ойланып,
Мұң көзiңде толқыды лайланып.
Жарты қойың – жартылық...
Жанармайсыз
Арбаның да оралды күнi айналып.
Шамасы жоқ кетуге қызың қолдан
Оқу қуған түлектен үзiлдi арман,
Ет пен жүнiн арқалап кемпiр-кешек
Тiрнектеп жүр тiрлiгiн ұзын жолдан.
Шабындықта шалғы ұстап терлегендер,
Жалақы алып теңгемен көрмегендер,
Қиянатты қиялмен жерлегендер!
Сендерсiңдер – ел үшiн ерлегендер
Сендерменен қажымас ел – кемеңгер
Үлкен түгiл, бауырмал жас баласы –
Қызылкесiк – бiрлiктiң астанасы.


Жер киесiн көтерген төзiмдiлiк
Болсын тағы ерліктің бастамасы.
Шет Боғастың суындай бөлшектенiп,
Тауқыметтi тартса да ел шеттелiп,
Ауыл көшiп жатса да жүрген жерде
Рухымызды мезгiлге өлшетпедік.
1995 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу