Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  111


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Жауынгер Қасым

Қ.Аманжоловқа


 


Қантөгіске салмаса хақ сынағы
Мысын оның күншілдік жатсынады.
Мәжбүрлеудің шегіне жеткен ақын –
Нәзіктіктің бұлтартпас нақ сынабы.
Науқас еді,
кетпеуге жоқ талабы...
Соңғы демі ел үшін аттанады.
Жаны адалда болмайды бүтін жүрек,
Соғыста да бұл аздай оқ талады.
Бақталасы қуса да бауыр дескен,
Дауылпаз боп қайтты ақын дауылда өскен.
Өзі бармай, оны айдап сытылғандар
Бір сынақтан қағылды дәуір кешкен.


Қирағанда ақынның оқтан іші,
Оқпен ішке сананың өтті ағысы.
Жан толғағын жаһандық үрей қозғап,
Туды әлемнің тарихта жоқ намысы.
Күллі әлемдік соғыстың сайтаны елді
Іріте алмай,
сананы шайқап өлді.
Күллі әлемдік рухты алып,
еліне ақын
Күншілдікті тықсырып қайта келді.
Құтқарғанда әлемді текті ақыны
Әлем сыйған қаланың тепті «ақылы».
Астанаға сыймайтын алыптығы
Ақыретті әурелеп кетті ақыры...
Тепкісінен тәлкектің текті көріп,
Кектің ащы жасына кеттік еріп.
Мәңгіліктің құшағы сыйдырмаса,
Бақиды да бар мен жоқ кетті керіп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу