Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  124


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Өткен ғасыр наласы

Термеден үзінді


 


Мен Абаймын – қоғамға қырсық ақын,
Жамбыл да мен – құр төккен жыр шұбатын,
Мұқағали, Жұмекен, Төлегенмiн –
Өз отына өртенiп тұншығатын,


Қаныш та мен – алданып барды ақтарған,
Әлкей де мен – «архив» боп зарлап қалған,
Мұхтар да мен – қолынан Құнанбай боп
Тарихыма ғаламдық сор қапталған.
Мұстафамын – жоқтаған елiн шетте,
Димаш та мен – айналған көңiлшекке.
Амангелдi, Қара Оспан, Қайрат та мен
Жаны амалсыз бұйырған келiмсекке.
Шәкерiм боп ойдан тыс ойға кеттiм,
Күләш боп та түнекте сайрап өттiм.
Қажымұған ем –
амалсыз Ресей болып
Алып ұрып ғаламды қайран еттiм.
Әлиямын, Мәншүкпiн – жан ұсынған,
Өз Түрiкпiн – елiнен сағы сынған,
Шығанақпын, Жазылбек, Ыбыраймын –
Елiм қызық көрмеген табысымнан.
Ұлт тұғырын кеп едi биiктеткiм –
Әлихан боп, Ахаң боп күйiкте өттiм.
Сәкен, Мағжан, Iлияс,Бейiмбет боп
Ұрпақ үшiн жанымды қиып кеттiм.
Сұлтанмахмұт, Сәбитпiн – қыршын едiм,
Жаяу Мұса атандым – күрсiнемiн.
Мұхаметжан, Жүсiпбек, Мiржақып боп
Ғұмар боп та мезгiлден түршiгемiн.
Халел, Ораз, Ұзақбай, Тұрар, Жанша,
Темiрбек пен Сымағұл шығар қанша?
Зұқа, Тоқаш, Бекболат – бәрi де бiз,
Тiрiлмеймiз әдiлет құп алғанша.


Қасым боп та күншiлден құр қамықтым,
Иса боп та мұңымды жырдан ұқтым,
Рақымжан боп еленбей тiккен туым,
Бауыржан боп бәрiнен құр қалыппын.
Әмiре боп әлемдi мұңсыз еттiм –
деушi-ем,
бiрақ, Шәмшi боп құнсыз өттiм.
Тағы кiм боп? –
Түгендеу мүмкiн емес –
Шырмауынан тiрiлдiм мың сүзектiң.
Тiрiлмеген көп әлi, бiрақ та, арман,
Кiмге керек өлгесiн құр ақталған?
Оятпа ендi қалғанын,
Тынықсын деп,
Қорғай алсақ сұрқия сұрақтардан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу