Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  103


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Ауылға барғанда

Қозан атаға.
Қалада жүріп қазақтың мұңын ескердім.
Тағдырым қырсық...
Ауылға тағы кеш келдім.
Мешітке кіріп,
Аралап бітпей бейітті
Келмейді мәнсіз қошаметтерді қош көргім...
Есте еді атам намазбен кірген ақшамға,
Солардың енді ұлдары кепті тоқсанға.
Мен кеткенде әлі тумаған жастар жатырқап,
Ізет қылмаса,
Жүре алар ма едім бақшамда?...
Отыз жыл бұрын туыстың бәрі бірге еді.
Жартысы көшіп,
Қозғады тағдыр іргені.
Қалғаны жердің қадірін білді,
Бұза алмай
Ел деген рух пен кәрілік деген түрмені.
Сол баяғы ауыл...
Көздерден іздеп көз көрген
сырласты таппай,
Байқаймын мен де өзгергем.
Міз бақпай отыр жер үшін туған асылдар
Ауылдан өткен дауылға төтеп кез келген.
Келмеске қоймай сағыныштардың ұшағы,
Бүгін кеп құсың, ертесін қайта ұшады.
Тоңдырды нәубет,
жылы жақ, деме, мекенім,
Одан да ыстық қарсы алған жұрттың құшағы.


Кеткесін елден жылы жақ, деме, мекенім,
Тоңдырды нәубет,
Жылылық менің не теңім?
Өртенбей қалсам ел үшін отқа шыңдалып,
Сол оттың елге қызуын сыйлап өтемін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу