Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  217


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Құнанбай мен Шал қажы

Ұлы мақсат жүктеген тектілерді,
Тектілерге жол серік ептілерді
Мінгестіріп қажыға жол тартқан көш
Шекаралық бекетке кеп тірелді.
Тіл табысты жол үсті әр халықпен,
Шекараң да, міне осы, алқа күткен.


Сауап болсын,
Қалтаңды жеп келеді
Ентігіңді басатын қалқа біткен.
Тәубешілік билеген дүйім – мықты,
Мертіктіріп келеді қиындықты.
Мұндай азап көрмеген төрелер де
Барға шыдап Алланың үйін күтті.
Келер ұрпақ қозғаса ой-сананы,
Көрген азап әлдіге ой салады.
Түсер жері болмаса өзге сынды,
Бәлкім, онда қазақ та жай салады.
Бекетке олар түстеніп аялдады,
Әркім көрген-білгенін баяндады.
Тек өзімен алысқан Құнанбайды
Оқшаулатып барады ой-арманы.
Дәркембай бір болмаған елес тегі...
Жас тоқал ше,
осалдау емес пе еді?...
Кеудесінде оянды Құнанбайдың
Шыңғыстаудың мүлгіген белестері.
Емдей алмай іштегі сызаттарды
Қырсығы көп қиялға ұзап барды.
Қодар, Қамқа жайынан селт еткенде
Тергеп жатыр шекара құжаттарды.
Қиянатты тізбектеп шолды ақылы,
Құжаты да жарамсыз болды ақыры.
Қылған істің екшеуге оң-терісін
Қияметке жеткізер жол – қақылы.
Құдай жолы шеріңді қойма қылса
Шекараң да бермейді ойға мұрша.


Пара жүрсе беруге дәт жүрмейтін
Сәт біледі бағытты қайда бұрса.
Парыз болса өзі үшін бара салмақ
Түспес еді ойлыға дара салмақ.
Елге айтқаны – ел үшін барды жұмсап,
Аман жетсе Меккеден пана салмақ.
Сосын айтып әулие-әмбиені,
Тіл ұшына жеткенде бар киелі
Хақтан күткен көмекті Құнанбайға
Жасамақ боп бел буды Шал жиені.
– Салсаң онда қазақтың бас қалқасын
Қалған істі келелі жасқа артасың.
Сала алмасаң сатып ал!
Ол да сауап,
Құжатымды ал,
Несіне бас тартасың?
Текті жерден болғасын,
(жалын – басым),
Алланы айтып нағашым жалынбасын.
Әкем бекер алмапты әйелдікке
Өскенбайдың қос бірдей қарындасын.
Марқа, Нарша екеуі текті анамыз,
Дондағұлдан қазір де көп баламыз.
Бөгелсем де сауапты іс жасайын,
Алла жазса артыңнан кеп қаламыз. –
...Екі туыс екі елден бірге шығып,
Іс жасады осылай іргесі нық.
Шал да ертіп Омарын Ілиястың
Барып келді қажыға жыл кешігіп.


Сынға, бәлкім, Құнанбай төзе алмады,
Менменсіген мешіттер көз алдады.
Дәркембай кеп қопсытқан көңілдегі
Жолықты ма салмақ боп өз арманы?
Елге иба болғасын көздегені
Салмақ болар данаға өз кемері.
Күнә болсын, болмасын,
Өз мұңына,
Ол да пәктік белгісі – төзбегені.
Қайтар-қайтпас Меккеден тұнып тағы...
(Сабыр оны бір сәтке құлыптады.)
Тазалықтың мекені – Қажыға да
Ақтара алмас іштегі былықпаны.
Бөліссе де Ізғұтты бар азапты,
Одан да ауыр жүректе нала жатты.
Ауырлықты тарта алмай қыл өткелден
Шайқалақтап ғасырлар бара жатты....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу