Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  140


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Отты қала – Өскемен

Тағдырыма тәлкек қып табысымды,
Жұтты мезгіл тұншыққан дабысымды...
Бұғылар мен бұлт сүзген қарағайдың
Қан мен сөлі көшпелі бақ ұсынды.
Кен байлығы көзінен балқып аққан
Ғасырларды түлетті халқым оттан.
Күн шығысты сапырған тербелістер
От сыйлады Күнге де жарқыл атқан.
Отарбадай будақтап жаны ошақта,
Уақыт көшін қозғады болашаққа.
Сібірдің де тоңы мен тонын шешіп,
Құндақтады ғаламды парасатқа.
Сайға адасқан сағымның Алтайдағы
Жаулады ойын үміттің нар тайлағы.
Кен жаратқан қаланы сұқ көзімен
Балқыта алмай тасада өрт ойнады.
Мысы басқан дәуірлер тепті де ірге
Шынықтырды жүйкесін көп дүбірге.
Өзіне оқ боп қадалған қорғасыны
Көзінде еріп, Ертіспен кетті бірге.
Бөгеттермен сүзіскен Бұқтырманың
Жанарынан нұр емес, шықты ұрладым.
Жарқылдаған намыспен түнді үркітіп,
Арпалысқан тағдырын жұқтырмадым.
Арбаса да сағымдар бүгін мейлі –
Көлеңкелер айлаға сүрінбейді.
Тау бейнесі әлі де көлден шықпай,
Жат сұқтанып тұрғандай дірілдейді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу