Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  263


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Ғ. Мүсiреповты жерлегенде

Қалың қауым қаралы,
Күңiрентiп қаланы,
Перзентiмен жарқ еткен
Қоштасуға қатар түзеп барады.
Жаныңды езе лаулайды екен қарда мұң.
Айналайын күн дидарлы ардағым –
Ғабекеңмен жүздесу –
Болған едi әу бастағы арманым.
Бiрақ,бiрақ,
Киелi елдiң сөндi дағы маздағы
Тәңір маған жүздесуге жазбады.
Асау ойдың толқындарын тежеп мен
Қоштасуға жеттiм соңғы кезекпен.
Зал халыққа,
Шер кеудеге толды ақыр,


Көрсем дейтiн Қонаев та сонда тұр.
Ал. екi бетi суалып,
Демiккендей аппақ болып қуарып,
Жатты, әйтеуiр, сапасыздау болса да
Ұрпағының барлығына қуанып.
Демге келмей тыныс түк,
Данамызбен iштей ғана ұғыстық.
Неткен сұмдық...
Ұлылықтың құлағанда тауы шын
Дiн заңы ма? –
Жаңғыртқандай тау iшiн
Айқайлатып үрмелi аспап дауысын,
Өлгенде де бермей жатыр тыныштық.
Әруақты мазақ етiп қорлаған,
Дәстүрiмде болмаған
Ойлап тапқан кәсiп пе? –
Сүйегiн де салып қойған жәшiкке.
Бiтеу жәшiк тұр неге?
Кек алғандай мүрдеге
жасап қойған түрме ме?
Ғарыштарға көгендеген намысын
Жүрегiне ғалам сыйған, арысым,
Қалай сыйдың кiп-кiшентай табытқа?
Табыт – мазақ
Тұншықтырған тамұққа –
Жанарыңнан жарық күндi ағытпа.
Тағдыр қалай тартса солай жүгiндiк –
Көзқарасым шығар бұл да бүгiндiк.
Бәрiбiр де
Мезгiл басты мысымен –
Кiнәлап та керек емес, түсiнем –
Дәстүрлердiң заманға сай талғамы
Әруақты құрметтесе болғаны...



1985 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу