Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  100


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

№1 перзентханада

Ақеркеге



Шаранадан тұншығып,
Бiр нәресте«шығам» дейдi, құлшынып,
Келе жатыр құзырына жаратқан
Құдiретке тағы да бiр құлшылық.
Қуанышым, күдiгiм де меңдедi...
Сен де, анаң да аман-есен, кел, берi.
Кiм болсаң да жүректегi жұлдызым,
Ұл ма, қыз ба – сұрағым да келмедi.
Көңiлiммен байып қалды жарлы күн,
Күтудемiн Тәңірдiң оң жарлығын.
Жиырма жылды шегiндiрсек анаң да
Дәл осы үйде келдi өмiрге, дәл бүгiн.


Қараша айы берсiн тағы шаттығын,
Алыс емес iңгәлаған тәттi күн.
Қалта құрсын...
Күнде алдырған дәрiгер
Көп дәрiден жүрегiмдi қақты мұң.
Анаң туды, гүл ұсынды өр көңiл,
Сенде көңiл тұғырына төрле бiр.
Тумай жатып дәрi сенiң не теңiң?
У жасаған менi де улап сорлы өмiр...
Сен келер шақ мыңжылдықтың тоғысы –
Сананың бұл сауатсыздау соғысы...
– Елге тiрек хан болсын,-қызғана
Өтiрiк-шын тiлеп жатыр көбiсi.
Фәни де ендi тiрлiкке әлi сыры мұң
Жеп барады әдiлеттiң жұлынын.
Бар тiлегiм – қара да емес, хан да емес
Рух пен ардың жоқшысы бол, құлыным.



6 қараша 2000 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу