Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  146


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Олимпиада алауы

Тәуелсіздік құрмай жатып малдасты
Қызыл шеру тағы алаңда жалғасты.
Күңгірт сана қарсы алуда құрметпен
Айдаһардың тойын біздегі алғашқы.
Қызыл киген сақшылар да шоқ болып,
Саясатқа жасырынды от-көрік.
Сорлы қала «Жібек жолына» айналды
Келімсектің талай көшін өткеріп.


Ұрпаққа артып ертеңгінің шатағын
Түсірмекпіз елге Шығыс «шапағын».
Сыйламасақ бізді айдаһар жұтар ма
Ұлы Олимп пен Прометей «сақалын»?
Құзырына біз арқылы жол ашпақ...
Біз табынсақ, от та бізге таласпақ.
Шырақ ұстап қаламыздан өтті үрей,
Өтпесе игі елдігімді аластап.
Тізбектеліп «жұлдыздардың» қатары,
Бірден бірге жалғасты оттың сапары.
Шынжыр түзіп сахналық көрініс,
Шың еліне қаламызды «матады».
Күн шығысқа бізден гөрі жер сыйлы
Болғандықтан жерім де оттан тершиді.
Қолды болған алтынымның біразын
Чемпиондар елге арқалап келсе игі...
Шайтанды да обалды еткен От дүлей
Ертеңімнің жанарына төкті үрей.
Алматының жүрегіне от шоқ тастап,
Қимай-қимай түркі еліне кетті үдей...
Шытынатып өте шыққан жүректі,
Бір қозғалыс көз алдымда дүр етті.
Отқа күйген соры әділет киесі
Қорқыныштан қорғай ма енді бұл Отты?....



2 сәуір 2008 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу