Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  86


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Ш. Әкiрамидi жерлегенде

Шығыс Түркiстанда Гоминдан үкiметiнiң жаршысы және
ұлтшыл ретiнде ширек ғасырдан астам түрме азабын шеккен
ақын, сазгер Шәкерiм Әкiрәмиге.


 


Ызғарлы күз аяусыз қамшылады,
Бұлттың суық көз-жасы тамшылады.
Мұздап кетiп барасың бұл фәниден,
Жанар бәлкiм бақидың шамшырағы.
Жиырма алты жыл жасырып нұрлы өмiрдi,
Көрмесе де рухыңды мүрде құрлы,
Әдiлеттi тiрiлткен сананы ендi
Бағындыра алмасын түрме бiлдi.
Кеттi жылдар бергiсiз бiр ғасырға,
Тамшы жасы тарихтың құрғасын ба?
Достан опа, туыстан тұрақ таппай
Нәубет болды сырласың, мұңдасың да.
Көшiрсем деп,
шеттегi әр ұяның
Қамын күйттеп қоштасты қария-мұң.
Көзiңдi ылғи толқыны жуып жатты
Кеудеңдегi ғажайып дарияның.


Мiндi екен деп бостандық ұшағына
Тағы да ажал түрмесi тұсады ма?
Арғы бетi өзiңдi тiрi көмген
Қайта оралдың Алатау құшағына.
Тағдырыңның жетпеппiн от көшiне –
Бар да шығар заманның өкпесi де.
Елiң сенi,
Сен елдi жеткiзем деп
Тас бұғаудан босадың көп кешiге.
Тар қапасты жаңғыртты тербеп үнiң,
Тағдырыңа қайысты ел де бүгiн.
Хабарым жоқ – болды ма,
Болмады ма
Әдiлеттiң алдында пенделiгiң?
Жаныңды ұқпай,
Әнiңдi, жырыңды ұқпай,
Сүйресе де қасiрет мұрындықтай,
Тарқата бер шерiңдi,
Рухы жұмбақ,
Фәни менен бақидың бiрiн құптай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу