Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  90


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Көшедi бәрi

Келiмсек көшер өлкеден,
Астана да әлi көшедi.
Көшпелi ел едiк ертеден
Тiрлiкте бiтпес есебi.
Тарыдай шашқан жұртымды
Зоболаң жылдар кешегi
Аңдамай бассаң,
Бұл күндi
Аңсайтын сынды деседi.
Ауылды алға бастырмай
Мезгiлдiң қырсық есегi,
Қалаға шауып қасқырдай
Амалсыз елiм көшедi.
Жылан да көшер,
Балық та
Ұрпақтың қайтса меселi,
Көшедi шаттық, шабыт та,
Өседi ,
сосын өшедi.
Нәубет те, бақ та алмасып,
Бiр көшiп,
бiрде табысты ел.
Ғаламдық көшкiн жалғасып,
Айға да шапты ғарышкер.
Әруақ көшер, ар көшер
Ғайыптан тылсым жол салып,
Фәниге ортақ бар кесел –
Көшуде болар болса анық.


Уақыт деген көлем бе?
Ғаламды ғалам қорғайды.
Табиғат сыры тереңде,
Көшпейтiн түк те болмайды.
Сұрқия сұрақ төрдi ала,
Тарихты билеп төстейдi.
Пенде де көшер ордаға,
Пенделiк қана көшпейдi.



1996 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу