Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  106


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Қазақпыз. 1990 жыл.

(Термеден үзінді)


Қазанында жоспардың қайнап келген қазақпыз,
Жөн айтқанды жау санап, жайғап келген қазақпыз.
Алақандай атаққа абыройын саудалап,
Арыстардың қанымен тойлап келген қазақпыз.
«Азатпыз» деп сан ғасыр сайрап келген қазақпыз,
Азат басын Мәскеуге байлап берген қазақпыз.
Зәбір шегіп өзгеден,
өзімізге өзіміз
Тісімізді аямай қайрап келген қазақпыз.


«Жомартпыз» деп өлгенше жырлап келген қазақпыз,
Өз байлығын өзге елге ұрлап берген қазақпыз.
Күлгендерге мазақпыз,
Күлмегенге ғажаппыз,
Досын емес, дұшпанын тыңдап келген қазақпыз.
Бір бағытта басы бір құралмаған қазақпыз,
«Ұлы заман жаса!» деп ұрандаған қазақпыз.
Шейіт болған аштықта әруақтан ұялмай
Табынбаса Мәскеуге тұра алмаған қазақпыз.
Желкесіне келімсек мініп алған қазақпыз,
Қасиетін қаусатып, күлі қалған қазақпыз.
Құран ұстап қолына, арақпенен аңдамай
Бірге жұтып Аралын күліп алған қазақпыз.
Езушіге дем беріп, нәр татпаған қазақпыз.
Ерік берсең елді еміп, шалқақтаған қазақпыз.
Әкесіндей телміріп әлі күнге Мәскеуге
Айқара ашып есігін, жалтақтаған қазақпыз.
Зәрін ішіп мәңгүрттің,
Залымдықты жаңғырттық,
Балалы боп некесіз,
Қарттарымды қаңғырттық.
Жарылыста жан алып,
Жарға соқты басыңды
Желтоқсанның сызындай санадағы салғырттық.
Ұмыт болған аштығың,
Ұмыт болған ақтабан,
Арысымды таптағам,
Таптап алып жоқтағам,
Жүрегіңе бойласын менің мынау тағдырым
Өзімді өзім танымай қазақпын деп мақтанам....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу