Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  108


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Түнектi серпiп келедi сырғанап аспан

М. Шахановқа


– Шынымен, аға, бiтпептi тiрi өлiк құрып,
Заһарын шашты заңғарға тiрелiп тұрып.
Шындықтың шырқын алардай сұмдықтың сұрқы,
Сiмiрдi мезгiл Аралды шiренiп күлiп.
Зiлзала дастан тумаса бiр ғана бастан,
Түнектi серпiп келедi сырғанап аспан.
Шашыңа шыққан ағарып адалдық шығар,
Жүректiң тылсым түбiнен мұңдана қашқан ?!
Уайым кеткен Құдайын қолдамақ па әлi?
Құрдымға,сiрә, құлқынның қолғанат бәрi...
Желтоқсан мұзы жалтырап тағдыр – айнадай,
Тайғанап кеттi тарихтың доңғалақтары.
Табыттан күлсе сықсиып жылауық арман,
Тiршiлiк сырын тарихтың сұрауы жалған.
Желтоқсан сұсын мезгiлден сiлкiгенiңмен
Жүректе сызы, шашыңда қырауы қалған.
Құмарлық – құрдым қақпасы,
Тiршiлiк қанық...
Табанда жатты тағдырлар түршiгiп, талып.
Тамшыдан талғам дәметсе, жылайтын кiм бар
Қаңсыған Арал – қайғыға тұншығып барып?


Ғасырға қоса ғаламды безбенге салып,
Санаға түскен салмаққа төзгенде шабыт,
Ұғынбақ түгiл, ұғуға тырыспағаннан
Жай болып жауды жазықсыз көздерге салық.
Өз қолы қылған ерлiктен ел несiн қашып,
Үлгiрмей жатты шындықпен демде сырласып ?!
Ұстатса тағдыр тамырын, жанашыр аға,
Толғай бер мұңын – ғасырдың пернесiн басып.



1990 жыл


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу