👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  14


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Жаңаөзен

Қақ айырылып қайғыдан дала өзегі
Қарт тарихтың жүйкесін тағы езеді.
Жаңаөзенде тулады әділеттің
Көз жасынан басталған жаңа өзені.
Құдай менен мұнайдың арасында
Тарих тағы кептелді дара сынға.
Ойпаң жерді опырған жала, нала,
Қасірет пен қасиет бәрі осында.
Бұлттың тамған жасына құмы ғашық
Құшты өлкені Каспийдің мұңы басып...
Ақтық үні жаңғырды боздақтардың
Ақиқаттың құрсауын жұлып ашып.
Билік үшін жаратпай көкпар ұлды,
Құдай шындық көзіне шоқпар ілді.
Құмға сіңген маңдай тер, қан мен жасым
Жат көзіне мұнай боп ақтарылды.
Шындық іздеп жер құшқан тектілерім
Ырысыма тұншығып кетті менің.
Жердің үстін лаулатқан намыстары
Тұтатпасын жер астын деп тіледім...
Тұтатпасын мұнайды нала біздің!
Некелесті тарихпен жала-құзғын.
Сайқал тарих онсыз да өртемеген
Жері бар ма өзегін даламыздың?


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы