Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  148


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Желтоқсан жыры

(Терме)
Мезгiл сәтке бетiн берi бұрды ақыр –
Жырла, заман!
Жырла, жүрек!
Жырла, тiл!
Бiр ҚазМУ-ды он жыл жүрiп тауысқан
Жырлап қалсын Желтоқсандық бiр батыр.
Кезiп жүрiп Алатаудың жыңғылын
Жылағам жоқ,
Жырын айттым жындының.
Шарасыздан шашылды да шындығым
Тасқынға емес,
тасқа барып сүңгiдiм.
Желтоқсанның желi үскiрiп жатқанда,
Жан тайғанап,
Жанарда айдын қатқанда,
Торғай жанын түсiрдiм деп қақпанға
Топас ғұмыр, тiрлiгiңе шаттанба!


Арақты iшiп,
Аралды iшiп,
Арды iшiп,
Алмастырдық жезөкшеден жар құшып.
Қала басқа...
Шала мастар аңдысып,
Қара ағашта қатып жатты қанды шық.
Арал болып арнамызға құймадық.
Шашылдық та есiмiздi жимадық.
Жарты ғасыр қырғаны үшiн Ресейге
Жарылыстың жарақтарын сыйладық.
Жемқор елге желқайықтай шайқаған,
Сау басыңды байлап бердiң қайтадан.
Жан-жағыңнан оқ жыландар ысқырып,
Бiр қасiрет құлағыңа айтады ән.
Таразыға түсiргенше халқыңды
Қара базар бағалайды нарқыңды.
Арыңды да,
Жарыңды да саудалап,
Жетiм үйге тiрi көмдiң қартыңды.
Астанамыз – келiмсекке асхана,
Жаурап жүрiп пана салдық басқаға.
Жан сырласың – жетiм бұрыш тұрғанда
Қазағымның не теңi екен баспана?
Мықтыларға мекен қылып от басын,
Тiл мен дiнiн қайбiр мәңгүрт жоқтасын.
Таусылғанша қызыл итке жем болып,
Жетiм елiм жабар емес қақпасын.
Заманымның тоны өзгерсе қас-қағым
Әлi де iште қуатын көп бас қамын.
Жарты жерiм сыртта қалды,


Ер туып
Қайтарар ма қол астынан басқаның?
Зұлымдықтың тонын терiс кидiрiп,
Мiнбелерден түсiрмедiк күйдiрiп.
Сайлап қойдық жастарымды боздатқан
Жауыздарды бас-басына би қылып.
Қымбатшылық кемiрдi кеп,
Шыдадық,
Көз-мұрны жоқ заңды асығыс құрадық.
Тиын үшiн толмаған соң қалтамыз
Келiмсекке жер сыйладық мұра қып.
Талай нәубет қанымызды төккiзiп,
Бағымыздың қанша гүлiн кеттi үзiп.
Бәрiнен де аман қалған қазақпыз,
Сұм ажалға арыстарын өткiзiп.
Қасiреттiң шамын талай жақтыңдар,
Ақиқатты ақыретке жаптыңдар.
Тарланым аз демегенмен,
Күн туса
Тасада жүр әлi талай сатқындар.
Ұқтыра алмай тiршiлiктiң мұратын,
Қалың елге ұялапты мына түн.
Жазығым не,
Ұланғайыр далам-ай,
Кеңдiгiңе сыймай кетсе бiр ақын?
Құдiреттiң күтiп жатқан алғысын
Пендешiлiк мең-зең әлi,
Қалғысын...
Қарсы айырылып жылағанда қанды шың
Заманақыр көтередi қарғысын.



1992 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу