Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  78


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Жаңа жыл. 1986 жыл.

1
Желтоқсанның соңғы түнi, от түнi,
Анамның астанаға да жеттi үнi.
Бiр жағаға менi де атқан ұзамай
Тоқыраудың төңкерiлген екпiнi.
Арақты да мезгiл зәрiн сiмiрiп,
Достарым жүр.
Мiнгескенi – жын-үмiт...
Өзiм деген арудың да көзiнен,
Ендi бақсам, ғайып болған жылылық.
Қап-қара түн мейiр нұрын қызғана,
Тереземнен тесiледi сыздана.
Тар бөлмеде жалғыз анам екеумiз,
Жыл басын да тойламаған бiз ғана.
Осы шығар бiзге орнаған жетiм күн,
Ештеңенi қызғанбауға бекiндiм.
Санамызға садақ атып жатқандай
Жынойнақтан шығып жатқан не түрлi үн.
Анам үнсiз, көзi кеткен шықтанып,
Дүкеннен де үлгiрмеппiз түк те алып.
Жүрек жалғар тәбет те жоқ, қайғының
Қанды жасын анам көзден жұтты анық.
Ой тасқыны дiрiлдетiп бөлменi,
Күдiк қамап, үмiт, бiрақ, сөнбедi...
Көз әлемiн көлге әкеттi батырып,
Келiп бүгiн таң бозынан көргенi.


2
... Жастайымнан бiр отауда бiрге өскен,
Бiр нанды жеп, бiр қиялмен тiлдескен.
Соғыс жалмап әкемiздi,
шырқырап,
Қиындықтың шалшығын да бiр кешкен, –
Кеткен қазiр жоқшылықтың табы өшiп,
Кеттi ағамыз мұқым елден бағы өсiп.
Жарар едi ендi тисе септiгi
Әдiлетке ашып берiп ақ есiк.
Ана ойымен арпалысып көп тұрдық,
Мәртебеге жүрер-жүрмес өткiрлiк.
Үлкен үй бұл.
Тiркелдiк те, тер қысып,
Мықты ағаның бөлмесiне кеп кiрдiк.
Кiр халатын ауыстырмай сорлы анам,
Кептi асығыс,
мен несiне қорланам ?!
Жанарлары аяздан да ызғарлы
Алаңды әлi темiр қалпақ торлаған.
Кiрдi де анам, амандықты бiлiсiп,
Отырған-ды өткендi еске ап, күлiсiп...
Сөз арнасын бұйымтайға бұрғанда,
Кеттi ағаның жанарынан нұр ұшып,
Анам қалды бүрiсiп...
Үмiт сөндi өртеп барып iштi бiр,
Түнердi анам, тұнжыраумен түстi iңiр.
Жұбататын әкем де жоқ,
Сәби ем
Бізбен мәңгi қоштасқанда үш ғұмыр.


Дерттiң тауып үлгiрмесек қарсы емiн,
Iс түскенде жанаспайды жан тегiн.
Жаңа жылдың барлық сыйы –
Тағдырым
Бастап кеттi жаңаша бiр тәлкегiн...
Құлағымда әлi сол бiр не түрлi үн,
Жүрегiмде булығады жетiм күн.
Христостың туған күнің мен содан
Қолдан келсе тойламауға бекiндiм.
31.12.1986




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу