Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  129


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Ердiң құны

Ел атқамiнерлерi орыс отаршыларының оғынан опат болған Қожагелдi батырдың құнын
даулап, патшадан сый-сияпат және дуан төңiрегiндегi билiк құқығын алып қайтады.



Шөл даланың жақтырмай паң құшағы
Тыныштықтан сескендi аң-құс әнi.
Қожекең мен Уаңды мың аунатып,
Қарсы тұрған зираттар аңдысады.
Санадағы жеткiзбес өрiс тегi...
Ерiмдi атқан Уаң ба, орыс па едi? –
Бiрiн бiрi тағдырлар түсiне алмай,
Бiрiн бiрi дәуiрлер терiстедi.
Намысты ерiм келмеске тарта бердi...
Ер құнымен айыз да тарқады ендi.
Сыйлық, билiк алғандар шаттығына
Бодандықтың шеңгелiн арта келдi.
Құн да қайтты шарлатып көп қиырды,
Бiреуге бақ, бiреуге тақ бұйырды.
Бергенiнiң астарлы берекесi
Тағдырымды тағы да жатқа үйiрдi.
Орыс шенi Қисықты әкiм еттi,
Қытай шенi Уаңды тақым еттi.
«Қожакелдi» атаған ер есiмiн
Арабтар да билептi ақыреттi.
Тарихымды жан бiтпес жай парақтап,
Тәңір ғана әдiлiн айтар ақтап.
Еркiндiк те айықпай келедi әлi
Бодандықтың демiне шайқалақтап.


Оққа ұшырып Тәңірдiң қолда сыны,
Бiр төбеде, десек те, қалды асылы
Рух бердi оған мызғымас
Өз жерiнiң
Жат қолымен қадалған қорғасыны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу