👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  18


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Толассыз бодандық

Азаттығым шын болса тұнғыш көрген
Құдай кегін ала ма қылмысты елден ?
Еуропа жармасқан құрлықтарын
Жартпады «азат қып» үндістерден.
Еркіндікке қиса да нала бізді
Босатқан жоқ Жер деген анамызды.
Беспущий мен Конфуций ұрпақтары
Бодан еткен үреймен санамызды.
Мезгіл көзі ағызған түн бұлағы
Қасіретті фәниден тұндырады.
Мәңгіліктің жүрегін тыным бермей
Соқыр секунд тілімен ұрғылады.
Жана түссем шеңгелді үзбек пе едім
Намысымның аузына мұз кептедім.
Сабырыма шырмалдым,
Шынжыр етіп
Шырылдаған ғасырлар тізбектерін.
Дәуірлердің сыпырған жон терісін
Мүлде ұмыттым тарихтың оң терісін.
Соққы болып жетпіс жыл,
Сандырықпен
Қалдырды есте Қазанның төңкерісін.
Жетпіс емес, жүздеген жыл отарлық
Шамасы жоқ тәңірді жылатарлық,
Көз жасына шындық пен әділеттің
Шерін жуып тарихты жұбатарлық...
Қасіреттің болмаса ол бір емі
Теңіз жасым тұп-тұнық мөлдір еді.


Тұныққа да сенбегін,
Бір толқыса
Маздай түскен намысты сөндіреді.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы