22.09.2022
  450


Автор: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

ЖАН – АР

I
Сен өзіңді өмір сүріп жүрмін дейсің, бейбағым.
Жұлдызтүкті көксұр түндер Күн нұрының қаймағын
Айлы тілмен күнде жалап,.. қанталатқан таңдайын.
Тәттілікке құмарлықтың білмеуші ме ең ондайын?!..
Біздің ұғым – Өмір-Өлім...
Олар – менің қос бөлмем...
Ештеңені өзгертпеді данышпандар, бөскенмен.
Өмір-Өлім – екі бөлмем.
Сырын өзім шешемін:
бір бөлмемде – қалам-қағаз, бір
бөлмемде – төсегім.
Білем өзім Жан мен Тәнді еліктірген Ес емін.
Ақын деген дауасызбын.
Күлкім – әке, шеше – Мұң...
Сен өзіңді өмір сүріп жүрмін дейсің, бейбағым.
Жақсы шығар, армандаумен айдалада қой бағу...
Арманда сен...
Ескертерім: армандау да – қауіпті!..
Пешенеңе жазылғаннан кете көрме ауытқып...
Күнде үмітім Түн-Тәңірдің тұңғиығына ілініп, өз
Ойымнан өзім озып, азап шегем, құлыным. Мен –
мың өліп, мың тіріліп үлгеретін баламын.
Бір-бір тажал жұлдыз күтіп, тағдырлардың торабын...
заңдылықтар құдіретін зерттеуменен келем мен.
Музыкамен ойлап көрсем,
сөйлеп көрсем Өлөңмен,
сыздап тұрған Ақылымнан дірдектеп бір сор ақпақ!..


Саған әлі, білемін ғой, дүниенің бәрі – аппақ...
Арманда сен, жұта жүріп қою-қою қой шаңын.
Дүниеге көз аша сап, келмейді ғой шаршағың?..
Армандауың – әсемдікке сенің құштар көңілің.
Арманыңа байланысты – жеңу я жеңілу.
Тектен-текке сұқтанбайды ырықтарға сұрықтар,
бір Арманда, біле білсең, жүз миллион үміт бар!..
Армандашы! Мысал
үшін, құралай көз бір
сұлу
ғашық болып, қыр соңыңнан қалмай қойсын!
Қымсыну
неге керек,
дайын жатыр одүниелік төсегің!..
Ессіздікке өліп-өлмеу – бір емес пе, есебі!..
Армандашы, Аллаға да қасарысып әдейі.
Арсыз жұрт та өтірік мақтап момыны мен кедейін,
Ай астында мейрамдайды сілекейлі ғұмырын.
Айтшы маған, нендей әдет – өз бөлмеңе тығылу?
Қорқатының – түрлі-түрлі мекемелік салық па?
Арман үшін ешкім саған салық салмас, қорықпа.
Алтын менен күміс жинау үлгі болды халыққа,
жалақыңнан бір жапырақ нандық тиын алып қал...
Құлыным-ау,
құдай білед, Мен де арманшыл бейбақпын.
Мен де сендей шарап іштім.
Мен де сендей, – қой бақтым.
Ақшамдағы үнін аулап албасты мен аруақтың,
Өлөңіммен атын Айға шығармақпын аймақтың.
Құдай білед, құлыным-ау, Мен де арманшыл мықтымын.


Жүріп-тұрып,
жатып алып,
армандаймын құтты күн.
Әр тал шөптің тыңдай-тыңдай, жасыл-жасыл сөз-үнін,
Құдай сыйлар құдіретке ие болып сезімім,
күзгі қызыл жапырақтар
қара судың қалшылын
жұтар кезде, мен
өзіңе айтпақ едім Жан Сырын.
Онда бәрі жатыр, қалқам:
...бір-біріне кектілер
бір-біріне шын көңілмен бақыт тілеп, бақ
тілеп, бір-біріне суырып та беруге әзір
қолқасын!
Ал, сен неге батылырақ армандауға
қорқасың! Маған өзің қасарысып отырғаннан
саусың ба?
Мен еккен дән – жан салады мәңгі суық маусымға!
Мен жүрген жер – ақ қайыңға көз бітеді қап-қара!
Болмысымды «жоқтан бардың жаралғаны» деп қара!
Оны айтасың,
Мен сәт сайын ел мен елдің қырқысын
тоқтатумен болып жүрем, бір сәбилік күлкі үшін.
Жарық Дүние үстіндегі жамандықтың күллісін
күл қыламын!
Соны да сен қиын ғой деп жүрмісің?..
Ал, Аспанға тәуелді боп қалар болса БОСТАНДЫҚ,
жұлдыздарымен қоса қабат жұлып алам
АСПАНДЬІ! Көңіліңнің айнасынан көрсет сен де
көркіңді, АРМАНЫМЫЗ ғана біздің – ӨМІРДЕГІ
ЕРКІНДІК!
Мендік Сезім солай
өзі. Түсінсең ғой


шіркінді:
ешкім онда тексермейді паспортың мен құлқыңды.
Ешкім саған айтпайды да ақыл я мазақ сын.
Әйелден де, әлемнен де... бәрінен де азатсың!
Арманда сен, қоя тұрып тірліктегі күйбеңді. Менің өзім
құдайлықты құлдығымнан үйрендім. Жаназалық
әуеннен де Мен мәңгілік Ой ұққам! Кеудемдегі нұрлы
ЖАНАР – ЖАНЫМ мұңнан айыққан! Көмейім жоқ, ас
тілейтін.
Тәрк еткем Мен тәнімді.
Арсыздардың сұп-сұр болған дәттері
үшін, зарымды
сақтап жүрмін!..
Күлмеңдейді еркексінген көбеңдер:
әр сұлуға оқталулы саусағы бар төменде...
Құлыным-ау,
Көз бен Көмей һәм Көкірек – тамыры бір,
бұлардың, әлемдегі үш тажалы – Қорқыныш пен
Құмардың! Сен байқашы,
армандасаң, АДАМ болып арманда,
АРАН барда, армандау да тым
қауіпті! Жалғанда
ештеңені өзгерте алмас данышпандар,
бөскенмен. Біздің ұғым – Өмір, Өлім.
Өмір, Өлім – қос бөлме.
Өмір, Өлім – екі бөлме: бірі – қара, бірі – аппақ.
Екеуін де мекен еттім, Ес-Ақылым тұрақтап.
Жүр, екеуміз сайрандайық екеуінің арасын!..
Сен ештеңе ұқпай жатып, мақұлдаған боласың.
Сірә, өзіңді өмір сүріп жүрмін дейсің,
бейбағым. Біреу сені мадақтай ма?
Әңгүдік ол қайдағы?


Арманда сен!..
Керек емес көрінгеннен имену.
Біздің ҒҰМЫР, бар болғаны – АРМАНДАУДЫ
ҮЙРЕНУ.
II
Біздерге, осы, тіршілікті былай ұғу керек-ті: (қажеті жоқ
бос сөйлеудің, тұрмыс жәйлі деректің) ШЕКСІЗДІКТІ
КӨКТЕЙ ӨТУ – әр АДАМНЫҢ АРМАНЫ.
«Ең болмаса, патша болып өлсем!» деу
бар. Қалғаны –
қартаюмен шұғылдану,
газет оқу, кеңседе,
үйге қарау, ақша табу... тағы сондай нәрселер.
Тек дағдылы іс бітіріп үкіметтің көзінше,
қиын, рас, құмырсқалық болмысыңды сезінсең.
Ал, шынында, қоғамыңыз –
ақ-қара боп ойласып,
қайткен күнде жер бетінде тірі қалу айласы.
Мен, көбінесе, жүрем ылғи ән сала алмай көңілді.
Құдайменен «бақталасқан» бес миллиард тобырдың
біреуімін...
Бақталасу – жаман әдет, әлбетте.
Бірақ, қыңыр мінезіміз жазылулы келбетте...
Жаратқанмен жағаласу – дейсің қай бір оңған іс;
Сана барда, қорқыныш бар,
қорқынышым – қорғаныс.
Құдайдан да қорқамын Мен...


Құдай тұрмақ, «құлдары»
әр нәрсеге қошқылданып, қызарақтап, сұрланып,
«Өмір сүру – ішіп-жеу» деп,
ішіп-жеуді «Өмір» деп,
ұлтабары ұлып жатқан Тәбеттер мен Көңілдер
ас қортудан басқа ештеңе таппай қалып сенерге... Бәзбаяғы ӨЗГЕРІССІЗ ҚУ ТІРЛІКТЕН өлердей
жалықтық-ау!
Зарықтық-ау!...
Керек маған бүгін ем,
Еркіндіктің бар екенін сезіп қойған Ғұмыр ем...
...ә дегенше айналам да, музыкалы Өлөңге,
Сұлулықтың Көзіндегі патшалыққа енем мен: (айта
аламын ғажайыптың дәл үстінен түстім деп)
қалыңдықтың ақ көйлегі жатар шалғын үстінде! Одан
әрі бір жас жігіт ән салады тұлғалы...
Одан әрі... шетсіз-шексіз Жасыл Дала нұрланып!..
Жоқ, бауырым,
Мен саған да барарымды қай жаққа
айта алмаймын;
айналдырып жүрерсіңдер қалжаққа.
Өздері ойлап шығаратын заңға ғана бағынар
пенделерге де
Мен туралы айтар өсек табылар.
Дәл солармен бостан-босқа неғыламын дауласып.
Өздері де бір кездері танып алар тәубәсін.
Ал, Мен әлгі өзге Әлемге аяқ басам, дірілдеп:
(сөйлеп бүкіл Жаратылыс, түйсігімнің тілінде!)
жүре берем, кете берем...
шулап ұшып жыл құсы...
орасан зор жат Тірліктің көктей өтіп ұйқысын,


беймағұлым жағалауға шығып алам сілкініп!... Маған,
әйтеу, ұмыту керек пенделердің құлқынын! Маған,
әйтеу, ұмыту керек бар екенін Құдайдың! Себебі – сол!
Маған нағыз АЗАТ ӨМІР ұнайды!
Тәнімді де ыдыратып топыраққа, от, суға;
ештеңені есіме алмай,
ешкімнен де сақсынбай;
үмітімнен арай аңқып,
жұлдыз аулап маңайдан,
қартаю мен өлімді де ұмытып кетем!
Алайда,
сол жерде де, бір әдемі жалғыз үйдің төрінде
бірін-бірі ішіп-жеген (оттай ыстық ерінмен!)
жат көздердің қызылжебе-қызғанышына тап болам! Жарықдүнием, қас қағымда, жалмауыздай қап-қара!...
Ол солай ғой,
қайда қашпа, «көрі» жатар «Қорқыттың».
Құдайсынғандардың өзін де Мен сол «көрмен» сан
қорқыттым.
Қуатым-ау, Мен солайша, пенделердің алдында
күліп алам.
Ал, сен соған иланып-ақ қалдың ба?
Мен де өзіңдей... ақша тауып, қағаз сызып кеңседе,
біреулерге ақыл айтқам, көнбесе де, көнсе де.
Сөйте тұрып, құбыжықтық болмысымды сезіне,
аңтарыла қараушы ем-ау сәбилердің көзіне...



Біздің ғұмыр – армандау ғой.
Армандаймыз, әлбетте.
Қисық-қыңыр мінезіміз жазылулы келбетте. Былай
сонда Өмір деген түсініктің мазмұны: жойылуы керек
мүлде жұртты күштеу, азғыру! Және бар ғой, түрлітүрлі мазақтардың мүйізін өртеп мәңгі жібергенде
ҒАШЫҚТАРДЫҢ СҮЙІСІ, сұқтануды тоқтатамыз
жаттың сұлу Жарына!... Өзім, әйтеу, осындай да
қиялдауға салынам.
Дүниеге келгеннен соң, қарын тою – ол да бар.
Бірақ құлқын-құртың үшін өзгелерді алдамау
қолыңыздан келер ме екен?
Білмейсің бе?
Ендеше,
«Былай өмір сүресің!» деп, ақылсынба елге сен.
Сезім азда, болар әр кез жүректің де «өлі еті». Бір
адал Жар табу керек, сені құдай көретін! Одан
арғы Ойы қандай құдайсынған әкенің? Дүниеге
дәл өзіндей «құдайларды» әкелу?... Дұрыс-ақ
қой...
Адымдайық төр мен көрдің арасын!
Қусың бірақ... мәңгі-бақи өмір сүрмек боласың!
Ал, арманда, армандап қал!
Армандаудың өлшемі болған
емес,
болмайды да. Келешегің
– ол сенің!
Онда не бар? Жұмбақ әлі...
Бізде не бар? Ойлар бар!...
Неше түрлі күрсіністер, кіл ғылыми байламдар...


Әркім іштей Періште мен Сайтан болып арбасып...
Біздің ғұмыр – ҚАЙТКЕН КҮНДЕ ТІРІ ҚАЛУ АЙЛАСЫ.
Ал, Сайтанды не істеу керек?
Не істеріңді ұқтың ба?
Арманымыз үшін, оны алу керек тұтқынға!
Сайтан бірақ сайтандығын істейді ғой...
Бір күні
ол өзіңді тұтқындайды! Өйткені,
ол – ҚҰЛҚЫНЫҢ!
Сондықтан да, оқу керек оған Ардың Үкімін!
Біржолата құрту үшін әзәзілдік тұқымын!
Арманымыз сол ғой біздің! Ал,
тойлаймыз шарапсыз!
Мен – Періште көздеріне,
қанатына қарап сіз...
Ән айтамыз! Жол саламыз! Шет іздейміз әлемнен!
(«Құдайдың» да құдайлығын көрем сонда, бәлем, мен!)
Сөйтіп, біздің тірлігіміз мүлде өзгеше түрленіп, қақпаларын
қақыратып әлемдік бар түрменің!.. кәдімгі әлгі Бойкүйездік
(ас ішуге де ерінген), Безбүйректік (бетін тілсе, қанжар жүзі
көрінген!), Нақұрыстық (шатастырған қол-аяқ пен баскөзді), кіндігі де кісі жұтып ала алатын Ашкөздік;
(есіңде ме, осыларды жоямыз деп мың айттық) өтірігімен
өлім жаққа жол сілтейтін Суайттық; Қорқақтық та (жұмық
көз бар, жүрегінің орнында), Опасыздық!..
Тағы не бар, сен есептеп болдың ба? Бәрі
– мүлде ұмытылып!
Бәрі – мүлде құртылып!
Күні туар жақсылықтың жайбарақат Жұртының! Ешкім
ұқпас жамандықтың неден шықпақ екенін!
Сонда... жәйі қалай болар соры қалың шекенің?!..


Сонда... жәйі қалай болар салыстыра ойлаудың?
Яғни, Ес пен Ештің?
Нану менен Нанбаудың?
Яғни, Аш пен Тоқтың: тойыну мен тоймаудың? Яғни,
Ар мен Зардың?
Тоңу менен Тоңбаудың?!...
Яғни, Қорлау жоқта, қажеті не Қорғаудың?!
Марғаужоқта, кілеңСамғау– басыемес пе оңбаудың?...
Ешкім ұқпай, ұмытылған жамандықтың түр-түрін, күні туса
жақсылықтың жайбарақат Жұртының;
сол бір мылқау, сол бір керең, сол бір соқыр Қапердің
ұрпақтары
азуына ас пісіріп Қатердің,
аман-есен жүре берсе дейсің ғой сен армандап?... Біз
секілді, армандаумен аруақтанып алғандар тек тәттіге,
тек жұмсаққа, тек жылыға ынтығып, Зұлымдықтың
уысынан Сұлулықтың кіндігін тартып алып
байқасыншы!
Мына жұмыр Әлемің жоқ
болады!!
Бәс тігейік, Құлқынымды беремін!
Аңғардың ба:
мінезіміз – жазылулы сұрықта.
Армандаймыз түсімізде,
жұмыс істеп тұрып та... Ал,
сенің-ақ ойың болсын, Әрі қарай
арманда!
Әркім іштей «өз сайтанын тәрбиелеп» алғанда, не
істеу үшін келісеміз?
Ел-жұрт сырын ашқан ба?
«Кісідегі нәрсеңіздің кілті жатар Аспанда»!..


III
Қашанғы біз жұмыр Жерді бұрқылдата бермекпіз?..
«Біз – ғаламдық жылқылармыз!
«Үркер» жаққа желдеп біз
кетеміз ғой»...
Ал, сондағы мақсатымыз не болмақ?
Әлде,
басқа жұлдыздағы тылсым Қала-қамалдан
аруақтарды іздейміз бе?...
Армандашы жақсырақ,
мыйымызды солқылдатып көрсін сансыз хақ-сұрақ!..
Былай ғой ол;
мәселенки, «құдайсыздар» елінде
күнің үшін, құдайсыз боп көрінгің бар сенің де.
Бір жақсысы – арманыңда жоқ ешкімнің шаруасы. Неге
десең, АРМАН – нағыз тылсымдармен арбасу! Әр
Арманда жүз миллион Үмітің бар!
Әр Үміт,
Ол да сондай – жүз миллион Ойдың нұрлы жарығы!
Демек, сансыз ғарыштарды, шетсіз-шексіз көлемді
Оймен ағып өту – оңай!
Құдайсынбай көр енді!
Ой жеткенге бір күндері қол да жетер.
Белгілі.
Өмір, Өлім... тағы басқа Дүниелер кеңдігін
Ақыл-Ойға бағындырып, қас
қағымдық арада жұлдыздардан
жұлдыздарға!.. Ғажайып бір Далаға
барып түстік!..
Елестетші армандаудың «ойынын»:
өзіміз де, көзіміз де тоят тауып, тойынып, тәнімізді


қалшылдатқан От пен Судың майданы қара түнек
ішіндегі Қара Ұйқыға айналып,
өмір сүру біржолата тоқтала ма, қуатым?!
Жан мен Тәнің (Сұлулық пен Зұлымдықтан тұратын)
аңсай берер түйсінуді, аңсай берер ішуді! Аңсай
берер сүйсінуді, аңсай берер ұшуды!
Яғни, қашан да – сол, ұлтабардың ыңылы-і-і-у... Яғни,
қайда болсын, бетке қарап сүйіну!
Сонсоң тағы, баяғыдай Көкке қарап сыйыну... Сонан
кейін, ғалымдар мен данышпандар жиыны... Сонсоң,
тағы, Мәңгіліктің кіндігінен айналу;
Уақыт пен Бақыт жәйлі ұзақ-ұзақ ойлану;
Сонсоң, тағы жылап-сықтау, ыңырану, күрсіну...
Сонсоң тағы үміттену?.. күлімсіреу?... құлшыну?..
Шексіздікті қалай екен ақылыңа басқарту?
Сол баяғы АРМАНДАУ мен сол баяғы АС ҚОРЫТУ?!
Зұлымдығың, Сұлулығың ашар ма екен нақ сырын?
Сайтаны мен Періштесі – жалғыз ғана НӘПСІНІҢ...
Дүниені ұстап тұрған – осы екі ұлы ТАРТЫЛЫС!
Өлу менен тірілуден пайда болған алқыныс
еш басылмай;
Ғаламдағы эволюция қуаты
адамдардың жақындатып кезекті бір мұратын;
тағы да сол, шет-шегі жоқ АРМАН жәйлі дауласып; шымшытырық байланысқанқайшылықтар «саудасы» қыза
түсер, Көкірек һәм Көз бен Көмей барында!.. Қане, нендей
жұмбақтарды шешпек екен ғалымдар?!.


ІV
...шіркін деймін,
басқа күймен алмастырып ұйқыны;
барлық адам меңгерісіп көріпкелдік сиқырын; қандағы
әлем кілтін тауып (сұрапыл Тіл, сұмдық Тіл!), сөйлетсек
қой, көне заман кезіндегі Тірлікті!
Тәнімізге де басқадай бір «нұр» түрінен
қоректің
көзін тапсақ!... (баяғыдан солай болу керек-ті!)
ұғып алып аң мен құстың, жәндіктердің де тілдерін;
Кеңістікте бізден өзге «диюлардың» жүргенін
анықтасақ!
Шарықтасақ!
Жалықпасақ!
Тұра тұр!..
Жат Ғаламды жалқындатып Санамыздың қуаты,
құдіретті болмысымыз жеті-і елеске бөлініп!..
Бақыласақ, Құдайдың да Өмірі меп Өлімін!..
Айтпақтайын,
Өлім жәйлі үндемеппін Мен саған.
Көз бен Көмей һәм Көкірек құмарлықты аңсаған
мезеттерде,
Санамызда бұғып жатар ҮРЕЙ бар.
Күллі Күдік азу тісін ақситысып...
«Құдай» да
дәл сол жерден тамашалап «көрін қазған Қорқыттың»!
Сайтан алғыр сол «көрмен» Ол бәрімізді қорқытты!..
Ешкім, тіпті, сол Үрейдің не екенін түсінбей,..
осы өзіміз ойлап тапқан «құбыжықтар» ішінде ең
алыбы «Құдай» болып шығыпты ғой.
Ал, оның
«әкесі» кім, «шешесі» кім? – соны білмек боламын. Бас
ауыртып жатпау үшін,


армандауды әмәнда
әдетіміз ғой тағы да «құдайменен» тәмамдау.
Жә, сонымен, «әзірейіл» «қорқыттығымызға көр
қазып»...
Бәрімізді тосып жүрген сияқты ғой Ол қазір. Құдай,
сөйтіп, «құдайлығын» көрсетеді баяғы. Мына
біздей қиқарлардың тағдырының аяғын Тозақпенен
тұйықтай ма?..
Түшкірдім мен Тозаққа!
Тозағыңнан мың бір есе қорқынышты мазақтар
құмырсқалық болмысымды мүйіздейді, қамалап! Жұрт бірбірін ажалменен қорқытуға шебер-ақ. Қорқамын ба,
қорықпаймын ба, Мен мынаны білемін: Ұяттан ба, рактан
ба... бәрі әйтеуір, бір Өлім!
Ендеше, біз неге сонша қалтыраймыз ажалдан?
Жанымыздың жөні бөлек...
Ал, тәніміз «тозарда»
мүлде басқа кеңістікке кеткеніміз жөн шығар?
Бірақ бар ғой, ЖАНЫМ менің айналмайды тамшыға!
Айналмайды топыраққа!
Айналмайды шөпке де!
Соңғы тыныс суырылып кеткен кезде өкпеден,
Сұлулықты ғана сүйген біздің жұмбақ ЖАНЫМЫЗ
Ғалам жаққа бет алады!
Сіз осыған наныңыз!
Ет-сүйектің көмірменен жанып бітер жыры – бір.
Күлге айналсын тәніміз, ал,..
Жаратылыс Ғылымы
(шіркеулер мен мектептерге бөссін, мейлі, бөспесін)
«ЖОҚТАН БАРДЫҢ ЖАРАЛМАСЫН,
ЖАРАЛҒАННЫҢ ӨШПЕСІН» айтпаушы
ма ед?!..


Әу, құлыным, сонда жұмбақ ЖАН сыры
мазмұнына сияр ма екен жалғыз түйір тамшының?!
Пасықтарды түйсіну мен Ғашықтарға сүйсіну
От пен Суға ыдырай ма?
Келмейді ғой қисыны?!
«Он сегіз мың» және «Құдай» – «он тоғыз мың
ғаламды»
парасатқа паналатқан құдіретті ЖАН – АР-дың жоқ
болуын кім дәлелдер, нанбасаң да, нансаң да?
...ақымақтарды іздеп жүрген қай ақымақ ол сонда?!
Қайда, қалай «жоғалады» сол орасан Ғажайып?!
Сен есептеп шығарып көр, Ал,
Мен өлөң жазайын!..
Басқадай бір ӘЛЕМ болып шықпас дейсің неге ӨЛІМ?..
СОЛ ӘЛЕМДІ ІЗДЕУ ШЫҒАР – ӨМІР СҮРУ
ДЕГЕНІҢ?!.
Ой, шіркін-ау, ойлай берсек, жетеді ғой тылсымдар!
Бірақ біздің алдымызда бір сұрақ бар, БІР СЫН БАР:
бәрін естіп, бәрін көріп, бәрін білсек, туысым,
сондағымыз, айтшы маған, НЕ ҮШІН, ал?!
КІМ ҮШІН??
ӨЗІМІЗДІҢ ТІРЛІГІМІЗ ҮШІН ҒОЙ Ә?!
Әлбетте!
Қисың-қыңыр мінезіміз жазылулы келбетте! Және,
тіпті, өлгіміздің келмейтінін қайтерсің! Жар
сүймейміз! Ас ішпейміз! – деп көрсек ше? Ол да –
ерсі!...
Сен не десең о де, ендеше,
Санамыздың шегінде
– бірін-бірі ішіп-жейді оттан ыстық
ЕРІНДЕР! Сен не десең о де, ендеше,
Ғаламның да төрінде –
– бір қып-қызыл ІШЕК пенен ҚАРЫН жатар, тегінде!!!


Қайта айналып келдік, міне;
Осы шығар ПЕНДЕЛІК?
Олай болса, керегі не Ғарыштарга сенделіп?!
Біздің мақсат ҚҰМАРЛЫҚ пен ІШІП-ЖЕУ ме тек
қана? Айтуға да келмейді ғой адамбыз деп мақтана!
Сол баяғы ҚЫЗҒАНЫШ та, АСҚАЗАН да орнында!
Қой, бауырым, бұл ұят-ау күллі Ғалам алдында!
Біздерге аян сұмдық мінез-құлықтардың барлығы
БІЗДЕРДЕГІ ЖАБАЙЫЛЫҚ ОЙ-ӨРІСТІҢ
ТАРЛЫҒЫ
ЕМЕС ПЕ
ЕКЕН???... Жүре берсек пендешілік
қалыпта,
мүмкін бе өзі ЖАН-ДҮНИЕ табиғатын анықтау?
ЖАН біздердің қолымызға ұсталмайды десек те,
сөз жоқ, соның формуласы қарапайым есепте!!!
АҚЫЛ-ОЙ да, РУХ та – Сол, сұлулықты
аңсаған!
Сонау замандардан бергі қанша МЬІЙ мен қанша ҚАН
өртенсе де, соны бізге түйсіну жоқ, сірә, осы?
ЖАН-ДҮНИЕ – МҰҢ МЕН ЗАРДАН
МУЗЫКАҒА
ҰЛАСУ! ЖАН-ДҮНИЕ – ЗАМАТЫНДА ЕНІП КЕТУ
ҒАЙЫПҚА! ЖАН-ДҮНИЕ – МЫҢ ҒАСЫРДЫ БІР
СЕКУНДПЕН
АНЫҚТАУ! ЖАН-ДҮНИЕ – МҮЛДЕ ЖОЮ ОЙ
БІТКЕННІҢ
ОЗБЫРЫН! ЖАН-ДҮНИЕ – БІЗ КӨКСЕГЕН
АЗАТТЫҚТЫҢ
МАЗМҰНЫ! ЖАРЫҢ ҮШІН – МӘҢГІ-БАҚИ
ҒАШЫҚТЫҚПЕН
ТЫНЫСТАУ! АРЫҢ ҮШІН – ЖАНСЫЗДЫ ДА
ЖАЛҚЫНДАТА


ДЫБЫСТАУ!
Дәл солайша, ҚАЙЫРЫМНЫҢ АҢҚЫТЫСЫП
ЖҰПАРЫН,
ТҮНЕК ТҰНҒАН ШЕКСІЗДІКТІҢ ЖҰЛДЫЗЫ БОП
ТҰТАНУ!
Бауырым-ау,
ҚҰДАЙМЕНЕН БАҚТАЛАСУ – БІЗДЕГІ ОЙДЫҢ
КЕҢДІГІ,
ОЙ ЖЕТКЕНГЕ, бір күндері – ҚОЛ ДА ЖЕТЕР!
Белгілі!
Олай болса, нендей әдет – бөлмемізге тығылу?
Арманына байланысты – адамның да ғұмыры.
Армандауды доғарғаны – өзін-өзі құртқаны!
Армандаудың қуатына сенбейтұғын жұрт қане?!
ЖАН ДҮНИЕ ФОРМУЛАСЫН БІЗ ТАБАМЫЗ!
Таусылма!
ЖАЛҒЫЗ ДӘНМЕН ЖАН САЛАМЫЗ МӘҢГІ СУЫҚ
МАУСЫМҒА!
Немесе, әлгі, АҚ ҚАЙЫҢҒА КӨЗ БІТІРУ ҚАП-ҚАРА,
МЫНА БІЗДІҢ ҚОЛЫМЫЗДАН КЕЛЕР ШАРУА деп
қара!!...
Мен әзірше жүрмін, рас, ән сала алмай көңілді;
түсінсем деп тіршілікті;
мынау жұмбақ Өмірді.
Сөйте тұрып,
құмырсқалық болмысымды сезіне,
қарай қалам түнгі Аспанға – ШЕКСІЗДІКТІҢ КӨЗІНЕ!
Сол орасан ғажап бір КӨЗ бағып менің қалпымды,
Ол да өзінше шығаратын сияқты ғой қорытынды.
Бәлкім, біздің жұлдызымыз Оған түйір шаң шығар?
Бәлкім, жұмбақ музыканың ішіндегі тамшылар сияқты


боп естілетін шығар Оған даусымыз?!..
Ал, біз, жалпы, «құдайлардың» барлығына қарсымыз?..
Әй, білмеймін,... түнгі Аспанға қарай қалсам, әйтеуір,
Жаным ұлып қоя берер!...
Түсініксіз Ол да – ӨМІР!
Ішімде де біреу отыр!
Әлде, тіпті, бірнешеу??..
Бауырым-ау, қартаярсың, Мен білгенді білме сен.
Нуклеин мен белок қана емес менің жұлыным.
Мен де сендей – сыры жұмбақ ПАРАСАТТЫҢ
ҰЛЫМЫН.
Үйренсем деп, игерсем деп АРМАНДАУДЫҢ
ҒЫЛЫМЫН,
өз Ойымнан өзім озып, азап шегем, құлыным!
Елемес пе ек зарығудың, торығудың бірін
де, ЕШТЕҢЕНІ АЙТПАДЫ ҒОЙ ҚИЛЫҚИЛЫ
ІЛІМДЕР...
«Эврика! Эврика! Эврика!» – деп, кәдімгі
Адамдардың тілінде
АЙҒАЙ САЛАР ҚҰМЫРСҚАЛАР, КҮНДЕРДІҢ
БІР КҮНІНДЕ!!!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу