Өлеңдер ✍️

  21.09.2022
  120


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Ердiң бiрi

Т. Тәшеновке



Еркiндiкпен ашылсын деп аспаным,
Жай оғындай жарқ еттiң де қас-қағым,
Жазатайым қайырылып қанатың
Жаныңды әкеп абақтыға тастадың.
Мойындамай уақыттың жаласын,
Ауыздықтап қарсылықтар таласын,
Тұтастырсақ шексiздiктер арасын
Жазар ма едiк бар мен жоқтың жарасын?
Мейiр күтiп мезгiл деген мүрдеден,
Ел босады,
сен шықпадың түрмеден.
Келдi азаттық,
Сана, бiрақ, тұтқында –
Заңдылық бұл мәңгiлiктi күрмеген.
Сорлы әдiлет жұлқынды да қылқынды,
Жүрегiнен арман-ғұмыр бұлқынды.
Санасына қойыртпақтап күлкiмдi,
Көздерiне қасiреттер сiлкiндi.
Күндес фәни тойдыра алмай құлқынды
Миығында қызғаныштар қырқылды.
Бiрақ, сенiң кетiре алмай шырқыңды,
Әлсiреген тағдырлардың ұртына
өлi сұрақ iркiлдi...



1990 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу