Өлеңдер ✍️

  21.09.2022
  326


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Ләззаттың басына барғанда

Л. Асановаға



...Қайсар еді сынбаған сағы сында,
Сынбағасын шықпады бағы шыңға.
Шекаралық Жаркенттей былқ етпеген
Бекіністің рухы бар намысында,
Берік еді қамалдай қыз намысқа –
Деген ұғым әкелді бізді алысқа.
Адастырды әйтсе де кейбір сұрақ –
...Сен жайлы ұғым шындық па, қызғаныш па?
Ақиқатқа жете алмай сыр ақтардық,
Жеткізбеді,
тағы да жылап қалдық.
Құлап түстің әділет безбеніне,
Уақыттың көзінен бір ақ қарғып.
Таразыда тағдырың шайқалақтап,
Дәт қалмады мезгілде айтар ақтап.
Тарих бізді тағы да жаңылдырды
Бірде сыбап, соңынан қайта мақтап.
Танытам деп ұлтының ұлықтығын
Қиянатта көз жұмды қылықты күн.
Уақытқа әлі де наз айтқандай
Қарамайды бейнең де күліп бүгін.
«Қыз – жанашыр» деген бір келісті ұғым
Жүректерді жауламай тегіс бүгін,
Сен жүрекпен көтерген ұлт тағдыры
Дәлелдей ме жаланың терістігін?...
Екіұдайы пікірлер шабытымды
Шашыратып шындықтың жағы тынды.


Саған сенем,
Өзің де қолдамасаң
Екшей алар емеспін бағытымды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу