Өлеңдер ✍️

  21.09.2022
  120


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Желтоқсандық екiжүздiлер

Жанғаны аздай тарихтың ақ парағы
Жалған сыбыс намысты отқа орады.
Екеу едiк журфактан қудаланған
Бара-бара бiрнешеу боп барады.
Өздi-өзiмен соғысқан бұзақы да,
Емтиханның «екiлiк» – сызаты да
Желтоқсан мен қаңтарда қуылдық деп
Енiп жатыр ерлiктiң құжатына.
Жетпегесiн шындықтың ел түбiне
Жалтақтың да бұзылды сертi, мiне.
Ақпараттар тарихты «жасап» жатыр
Жарамсақтың айналып жемтiгiне.
Көтергендер ел рухын көк төсiне
Ақталса да жарайды көп кешiге.
Ердi құртқан ездер де мезгiл өте
Батыр болып кiм кепiл кетпесiне...
Жапырыла беретiн кезбе-күшке
Қирап жатты намыстың безбенi iште.
Адамзаттық тарихқа кiм сенедi
Көз алдыңда түсетiн өзгерiске?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу