Өлеңдер ✍️

  21.09.2022
  154


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Ұлттық арнаға айтылған наз

1. Қысқарту


Ар сәулесi қысқарды өңгерiп түн,
Кездi ақиқат санамды сенделiп тым.
Қыздың шашы қысқарды, етегi де
Ақылымен жарысып пенделiктiң.
Қысқарды үмiт сәбиден жылап тағы,
Ер намысы қысқарды қынаптағы.
Қылығынан қымсынып пенделiктiң
Экран да елiмнен жырақтады.
Күзеп жатты қасiрет мұңды өңiрдi.
Күзегiштер бүгiнше тым көңiлдi.
Эфирiң де қысқарып тұғырынан
Сөйлеткiсi келмедi «жынды өмiрдi».
Қайыршыдан қымқырып қаражатты,
Қабiлеттi халқыма қара жапты.
Өндiрiс те, өмiр де, өнегең де
Опырыла қысқарып бара жатты.


...Жәндiктер көп тiсiнде кек тұнатын,
Ашыққаны әлсiзiн ет қылатын,
Бiрiн-бiрi азайтып соңғысын да
Тоқшылықтың тәлкегi жеп тынатын....–
Шекарамды қысқартты жалтақтығым,
Ожданымды қысқартты шалқақтығым.
Қысқартудың тағдыры мен ғана емес,
Құдайға да, сенсеңiз, ортақ бүгiн.
Домаламай төбеге тасы көптiң,
Тарих күлсе желкемдi қасып өттiм.
Жалғыз ғана фәниде қысқармайды,
Қысқармайды ғұмыры қасiреттiң.


 


2. Қызба сауалдар
Желдi күннiң «ұлы iсiн» жаңғыртайын дедiң бе?
Сталиннiң қылышын алдыртайын дедiң бе?
Құзғын ғұмыр күнi үшiн қорғансызды қуалап,
Қу тiрлiкке сыйдырмай қаңғыртайын дедiң бе?
Албырттықты қысқартып, аштан қырам дедiң бе?
Мәңгүрттiктi iш тартып, мастандырам дедiң бе?
Жұғымдыны жинап ап, жұлынғанды пенденiң
Шала сауат заңымен жасқандырам дедiң бе?
Қарсылассақ бiз бiр күн жанын қисын дедiң бе?
Қаңғып кетсе қыз-қырқын тәнiн қисын дедiң бе?
Бiздi қуып, эфирдi тартып алған мәңгүрттiк
Дүбәрә мен дiмкәстiң бәрiн жисын дедiң бе?
Жалғыз басты аналар жылап қалсын дедiң бе?
Қорғансыздар Құдайға сыр ақтарсын дедiң бе?
Таланттарды тәрк еткен дүбәрәнiң ырқына
Әдiлеттiң ақ туы құлап қалсын дедiң бе?


Қасiреттiң қарқыны күлiп кетсiн дедiң бе?
Қасиеттiң әр күнi құрып кетсiн дедiң бе?
Хан бетiне түкiрiп, қасарысқан ақиқат
Құлағында тарихтың ұлып кетсiн дедiң бе?
Құдайды да қысқартып жазғырайын дедiң бе?
Келер күннiң қабiрiн қаздырайын дедiң бе?
Қасиеттi халқымның құдiретiн бөлшектеп,
Пенделiкке талатып аздырайын дедiң бе?
Пендешiлiк түбiнде сорламайды дедiң бе?
Менiң қайғым саған да орнамайды дедiң бе?
Өле жемей бөле жеп нәубеттi де өткерген
Рухымызды әдiлет қорғамайды дедiң бе?



13 сәуiр 1999 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу