Өлеңдер ✍️

  21.09.2022
  128


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Атақтыларға арналған қолтаңба кітабы

Жанында ылғи жататын тұтап дабыл,
Күресумен ғұмырын жұтатқан ұл
Абайды оқып, Құранды ақтарса да
Жақындауға құқы жоқ кітапқа бұл.
Киіз кітап,
Қауымнан қайда арланып
баратырсың?
Не сыр бар қоймаңда анық?


Қолтаңбасы қалғандар Абайдан да
атақты ма?
Ол жағын ойланбадық...
Мұра демей арналған ұлы есімге,
Тастайтындар да аз емес күресінге.
Шын сырласын Абайдың екшей алмай
Сорлы кітап, кекетіп күлесің бе?
Қоса алмаса бір ақын өз үлесін.
Қадірі жоқ «қолдардан» көз ілесің.
Жантықтар да сөз арнап,
сен арқылы
Пенделіктің жасауда шежіресін.
Жұртты өзіне жолатпай үріп бүгін,
Қонақжайлық көзіне ілікті мұң.
Хақ алдында құқы бір елді алалап,
Кітабы боп қалмағай іріткінің?
Жалтақ мезгіл бере алмай оң бағасын,
Дәрменсіздік,
Өзіңнен қорғанасың.
«Қызыл кітап» дегенге кірмеген жөн
Сиреп кеткен ит пен құс болмағасын.



Абай мурежайы, 2008 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу