Өлеңдер ✍️

  21.09.2022
  111


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Жылу жүйесi

Уақыттың қабағы мүлде бiзден
Тайғанақтап бейнетпен жырды емiзген.
Бiздiң үйдi қамтуға қақысы жоқ
Жылу жүйесi өтедi iргемiзден.
Жанай өтiп үйiмдi құбырлары
Зәулiм үйлер тiрлiгi қыбырлады.


Келiмсектiң жарасып дүбiрлi әнi,
Көңiлшектiң ұйқысын түн ұрлады.
Түн ұрлайды
От жағар дым қалмаса,
Үмiт емес құбырдан мұң қармаса,
Өзiм салған қанша жыл, зәулiм үйлер,
Бұйырмапты-ау бұрышың дым болмаса.
Ғұмырымның пейiлi көктемесе,
Қабағында қасiрет өкпелесе
Сонда да үмiт бiлтесiн сөндiрмептi
Маңдайымнан тамшылап кеткен есе.
Баспанасыз күйбеңдi намыс күндеп,
Пенделiкпен онсыз да алыстым көп.
Намыстанба, Алматы,қырық жамау
«Күрке тiгiп iргеме жабыстың» деп.
Көзiмiзден секiрсе күлiп қайғы
Санамызды салғырттық құлыптайды.
Сорлы өмiрмен белдесiп жылынбасам
Бойды ештеңе фәниде жылытпайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу