👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  41


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Шахтерлар қазасына аза

Саңылаусыз санада
соқыр үміт
жанарында көк бөрі отыр ұлып.
Мінәжаттың қарызын көтере алмай
Қараңғылық барады опырылып.
Тереңіне тоғытса тамшы көпті
Үмітке олар тәубәні талшық етті.
Қараңғының екпіні жер астынан
Бақидың да сәулесін жаншып өтті.
Мың дәуірлік өскінді көмір еткен
Мезгілдің де тірлікке көңілі өктем.
Жерден бұрын жаралып өмірі өткен
От Құдайы кетпеді төңіректен.
Ар алдында танымай «ақтық ісін»
Адамдардың ішінде ақты «мүсін».
Қапырыққа тұншыққан қараңғылық
Қара түгілі тарылтты хақ тынысын.
Қасіретін ұқтырмас шырақ түнге,
От Құдайы жасаған тұрақ кімге?
Санамыздан шапшыған қараңғылық
Сөндірді отын қанша үйдің бір ақ күнде?...
Әруақтар мекені Жерге бітті,
Жер астынан жүк түсті ерге мықты,


Көтерем деп боздақтар жапырылды
Жердің үстін жайлаған пенделікті.
Бақидан да қайысты көп қырағы,
Қаза берсек оның да жоқ тұрағы.
Сана жеткен үрейлі тұңғиықтар
Қопарылып түсердей боп тұрады.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы