Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  283


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Сыр тасқынындағы тікұшақ апатына

Жолдағыны жайратып Сыр екпіні,
Жоқтан болған теңіздің шыр етті үні.
Сырдың беті ауғалы тұзды Аралдың
Тағдырына қақталды жүрек түбі.
Әділеттің алыста ұшпағы әлі...
Бейқамдықтың биікке ұшты аралы.
Сол биіктен жасанды теңіздегі
Жұлып түсті қасірет «ұштағаны».
Қазығұртқа топанның шықты елесі,
Тарихымды қозғады Нұх кемесі.
Су үстінде қанғыған инелік деп,
Көз жасымды мезгілдің жұтты өресі.
Шикі бастың көзіне шық тұрмады –
Жасандылық зұлматын ұқтырмады.
Жайғамасын Аралдың қасіреті
Шардара мен Қапшағай, Бұқтырманы...
Табиғатты бөгемей тек тұрмадық,
Құдіретті ағыстан токты ұрладық.
Өркениет тамырын солай шандып,
Жол нұсқайтын тәңірге таптырмадық.
Нұрын төкпес жасанды шырақ кімге?
Ақыл-ойдың пайдасы жырақ мүлде...
От шығарса зарядтар түйіншегі
Сөндіреді топандар бір-ақ күнде.


Су жаратқан тірлікті сарапқа әлі
Салмас бұрын ақырет сораптады.
Пенделіктен пәниді жуып шайып,
Тәңір қайта жатыр ма жаратқалы?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу