Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  204


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Кешіккен жігіт

Ұ. Есдәулеттің «Қара пима» дастаны ізімен.
Мені оятқан сөзіне Ұлықбектің
Қиды тәңір киесін жұлып көктің.
Қара пима кеткенде мен де ішінде
Көк бөрінің жаны боп ұлып кеттім.
Бейіш күндеп мезгілдің бейқам ісін,
Мұзға қатты пимасыз тойтарысым.
Менің де әкем шарлап жүр суға кетіп,
Жанарыңа іркілген Зайсан ішін.
Тағдырым деп білсе де ел боранды
Періште арман тағы да емге оранды.
Бала аяғын тәрк еткен қыс кешігіп,
Шашына оның қырау боп енді оралды.
Оралған жоқ,
Тұр тағдыр балағаттап,
Бақсаң, бірақ, дала да, сана да аппақ.
Мұз қабақты дәуірлер мұң біткенді
Ақыретке жеткізбей алады ақтап.
Бірі шалқып, ал, бірі жылап, талып,
Мазақ болған пәниге тұрақтадық.
Кінәлі оған арақ та, адам да емес,
Тәңір де емес жататын сынаққа алып...
Дәуірлерден бұйырған жеңілісім –
Жеңіс көзі десек те елім үшін,
Тәңірді кім жаратты?
Ми жетпейді.
Ал, тәңірсіз тағдыр да – өлі мүсін.


Адам да әлсіз, ой да әлсіз, ескереміз..
Кешіктірсе тағдырдан сескенеміз.
Кеш ұғудан жаралған құбылыс та –
Біз екенін ұға алмай кеш келеміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу