Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  208


Автор: Ғұсман Жандыбаев

СӨЗДЕРIМ

Менiң сөзiм – жеке бастың мұңы емес,
Олай деп те ешкiм менi мiнемес.
Аш қалам деп, қайғырып та жүргем жоқ,
Көңiлiм ашық, болмасам да күлегеш.
Алақайлап, ұшырмасам əн-үйрек,
Көз жасын да көлдеткiм жоқ, зар илеп.
Заманыммен терезем тең сөйлеспек
Ниетiм бар, былдырламай сəби боп.
Естi адамға айту парыз байсалды ой,
Кездер де бар қасарыспа, қайсар кей..
Мен емеспiн, Заман өзi сөйледi,
Оң-терiсiн Уақыт теңшер, жайсаң ғой.
«Айтылған сөз – атылған оқ» атылды.
Шығарайын деген жоқпын атымды.
Ол белгiсiз: кiм алады, кiм тастап..
Замандасқа жазған үшiбу хатымды.
Жырларымды кептер етiп ұшырдым,
Сырларымды жүректерге ұсындым.
Қайда жүрсе, амандығын тiлер ем,
Жазығы жоқ, кiнəратсыз құсымның.
Аман-есен болыңдаршы, сөздерiм,
Жəбiр көрмей, жəутеңдемей көздерiң.
Егер менiң қол-аяғым байланса,
Азат құс боп шарықтаңдар өздерiң.
Жүрегiмнiң сезгенi мен төзгенiн
Қанатыңа қондырып ем, безбедiң.
Бұл фəниге қонақпын ғой мен деген,
Ғұмыр-жасың ұзақ болғай, Сөздерiм!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу