Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  281


Автор: Ғұсман Жандыбаев

МЕНIҢ АЛТЫН ТАҒЫМ

Кенде емес мына дүние iзгi ойларға,
Жетедi ол сiздей жанға, бiздей жанға.
Құдайдың адал құлы болсаң анық,
Жолың ақ, үмiтiңдi үзбей жалға.
Кенде емес мына дүние күн шуаққа,
Жетедi ол ойлы тауға, жыршы баққа.
Сол нұрдың шапағынан шаттық тапсаң,
Татиды қос жанарың мың шыраққа.
Дүние сұлулығын жастан сезгем,
Мен оған сұқтанамын қақпан-көзбен.
Халқына ұрсатын хан болғанымен,
Дүниеде патша бар ма тақтан безген?
Мен де сол патшадаймын – тақ дегенде,
Ал бiрақ, менiң тағым – ақ кемемде.
Ақ кеме – жарық дүние, əлемiм ғой,
Сол тақтан айрылғым жоқ, əсте, мен де.
Шынымды бүкпей айтсам, несiне мiн,
Ойымды өлеңiме көшiремiн.
Туған жер тасын басып, аман жүрсем,
Оллаһи, алтын тағым осы менiң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу