Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  115


Автор: Ғұсман Жандыбаев

АРА ҚАШЫҚТЫҚ ЗАҢЫ

Екеу – екеу, ол ешқашан бiр емес!
Бiр деп көршi, басталады, мiне, егес.
Алыс болма, жақын-ақ бол, алайда,
Шын жақындар жат болуды тiлемес.
Бiз алыстан жақындауға асықтық,
Бiрақ соңғы шектен аттау – пасықтық!
Алыс түгiл, жақындардың арасын
Бөлу керек қалайда бiр қашықтық.
Бiле бiлсең, жаратылыс заңы бұл!
Оны бұзсаң – қатер аңдып тағы жүр.
Жақындардың көңiлiнде жаттық жоқ,
Шектен, бiрақ, шықпау керек, бəрiбiр.
Шектен аспау – алыстыққа жатпайды,
Бұзық пиғыл – түзiк жолды таппайды.
Өз жақынын жат еткiсi келгендер
Баса-көктеп шекарадан аттайды.
Аттау қатер – сол дəнекер-бостықтан,
Жауласпайды жақындықты хош тұтқан.
Аттап өту – таптап өту, соғыс деп –
соны айтпай ма... Соғыспайды достықтан.
Шекараны, шектi аттауға хақың жоқ,
Самолеттер соқтығады жақын кеп!
Елемесең сыйластықтың сызығын,
Жан досың да жауға айналар, жатың боп.
Адалдықпен жақындасқан – айрылмас,
Пиғылы арам – ойлап оны қайғырмас.
Ағаттықтан жақыныңды жат етсең,
Көңiлi бiр қалғаннан соң, қайрылмас.
Шын сыйластар бiрiн-бiрi сатпаған,
«Сен», «менi» жоқ – «бiз» болғаннан сақтанам.
Айрылыспаймын деген жандар, қашанда,
Арасында бiр шекара сақтаған.
Ай мен жұлдыз, Күн менен Жер не бiлген?
Əрқайсысы өз орнынан көрiнген.
Бұл əлемнiң ең кiшкентай бөлшегi –
Атомдар да аралықпен бөлiнген.
Шекарасыз болу – болмыс заңы емес,
Достыққа да, сыйластыққа тəн емес.
Өмiр деген – орын үшiн тайталас,
Оны ұқпасаң, басталады бар егес.
Ол тəуелсiз – орнын егер ала алса,
Дербестiк сол – өмiр сүрсең адамша.
Ойы түзiк, ниетi адал еш пенде,
Шекарадан аттамайды қабанша!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу