Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  146


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Адам менен адамның

Адам менен адамның
Жер мен көктей арасы.
Дана менен наданның
Екi басқа ағашы.
Тең емесi секiлдi
Зат пен заттың бағасы,
Бiр қолдағы саусақтың
Бiрдей емес саласы.
Ойлап тұрсаң, осындай
Адамзаттың баласы.
Тұрады екен қосылмай,
Қарасы мен дарасы.
Əркiмнiң де бақытқа
Болғанымен таласы,
Бiрдей емес бəрiнiң
Көңiлiнiң сарасы.
Ойы саяз – бейнеттен
Арылмаса, шамасы,
Ақылдыны аспанға
Көтередi санасы.
Өмiр деген – көрешек,
Тағдыр – оған сарашы:
Бiреулер – тек берешек,
Ендi бiреу – аласы.
Əдiл емес деп мұны
Кiмге айтасың, қарашы:
Бас ие жоқ базарда,
Жұрттың бəрi қалашы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу