Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  113


Автор: Ғұсман Жандыбаев

АТАМЕКЕН АУЫЛЫ

Ши үстiнде шым-шым балқып
жатса Айдың жарығы,
Жалт-жұлт етiп ол тұрмай ма –
ақ қайыңның қабығы.
Жүрек қылын қалай шертпес,
жан тылсымын оятып,
Тыныш түннiң тынысындай –
тау суының сарылы.
Пай-пай, шiркiн, кең сахара!
Жер-жанаттың аруы!
Шөбi дəрi, суы нəрлi –
жанның шипа, даруы.
Ақ самалы аңқылдаған
сайын дала, салқын тау –
Үш күн жүрсе жазылғандай
жаман аттың жауыры.
Көршiсiне дос пейiлдi,
қонағының бауыры,
Өнерлiге ат мiнгiзiп,
шапан жапқан қауымы.
Бие байлап, қой қоралап,
құрт қайнатып, бас үйтiп,
Ошағында от маздаған
атамекен ауылы!
Туған жердiң тасы жұмсақ,
қандай жылы дауылы,
Ол бiр дəурен –
махаббатшыл жас көңiлдiң дəуiрi!
Ана шетте – алтыбақан,
мына жақта – ақсүйек,
Отыз күн ой, қырық күн той –
таусылмаған сауығы!
Қайда бүгiн сол күндердiң
алаулаған жалыны?!
Толықсыған Ай едi ғой...
Өшкенi ме жарымы?
Ендi қайтып таба алар ма,
Ақ теңiздiң айдынын,
Ауға түскен бiздiң жүрек –
сағыныштың балығы..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу