Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  92


Автор: Ғұсман Жандыбаев

МЕН КЕЛДIМ МЕЙРАМХАНАҒА!!!

Уа, даяшым! Болды ғажап! Бермен жүгiр! Жол бергiн!
Құдайым-ау, мен келдiм ғой! Ақ ордаңа мен келдiм!
Шылғи маңғаз бiрi шығып, бiрi кiрген бұл үйге
Таңсық емес дешi, қане, бiздей де мəрт енген күн?!
Даяшым-ау, неге аңырдың? Ерiң келдi ай маңдай.
Бағжырайма. Менiң бетiм – емес шыбын тайғандай.
Кекiрiгi сасымаған – бай емес деп ойлама,
Шашубай бар, масыл бай бар, бiрдей ме екен бай мен бай?!
Мұндай ұлы оқиғалар бола бермес тарихта,
Жарқыным-ау, соны екеумiз атап өтсек, айып па.
Кел, ендеше, тəттi арманның көбiгiне мас болып,
Қиын кезде тербелейiк түбi тесiк қайықта.
Мiне, менью! Көр де таңда: тəбетiңдi бұрғанды ал.
Бостандық па? Бар ол! Бiрақ, əр мысқалы мың доллар.
Өйткенi оның ботқаменен қосылмайды сорпасы,
Əдiлдiктi қойсайшы бұл! Қос ыдыста – у мен бал...
Ау, даяшы! Сараңданба! Кəне, маған сый ұсын!
Бершi менiң бес сомыма демократия иiсiн.
Сол иiске бiр тояйын да, шала байып шығайын,
Тоқ қиялмен қайырайын аш көңiлдiң күйiсiн.
Ал, мен келдiм! Ит көргендей қума менi, даяшы.
Ең құрметтi мейманыңды қарсы алғандай таяшы.
Еркiндiктiң серiлерiн естерiнен тандырып,
Сон-о-ау... төрге мен де барып шiренейiншi, əй, осы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу