Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  87


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ТIРШIЛIК ЖОЛЫ

Құтты күнi құдайдың
Жүретiнсiң бiр жолмен.
Нығыздандың, нығайдың,
Кетпейтiндей бұл жерден.
Бүгiн ендi қарашы,
Қай пұшпақтан шыққансың?
Ұшпақ iздеп, шамасы,
Таппасыңды ұққансың...
Мынау бiр жат аймақ пен
Сұрғылт тұман iшiнде
жүремiн деп ойлап па ең,
Өңiң түгiл, түсiңде.
Қалады iшiң қорқылдап,
Ескi жұртқа қонғандай.
Тыпырлайсың, тосырқап,
Торға түскен торғайдай.
Секiлдi бiр жол – анаң,
Бауыр басып аласың.
Өмiр бойы сен одан
Аумайтындай боласың.
Ойы менен шұңқыры
Көңiлiңде жатталып,
Жапырақтай сусиды
Көп сырларың қатталып.
Ендi бiрде қарасаң,
Сол сүрлеуден шетке ауып,
Өзiң сезбей қаласың,
Кеткенiңдi аттанып.
Көзге ыстық көне жол,
Аяқ жетпес ендi алыс.
Жүрiп келе жатасың
Басқа жақпен бейтаныс.
Жаңа күннiң қалпына
Тосырқайсың, сыя алмай.
Қарайлайсың артыңа,
Қалғаныңды қия алмай.
Өткен күннен тағылым
Аз алдың ба? «Жоқ!» дейсiң.
Кешегiңнiң қадiрiн
Бүгiн бiлiп, «Қап!» дейсiң.
Қолдан кеткен қымбатты
Ендi қайдан табасың.
Жаңа күннiң жұмбақты
Қас-қабағын бағасың.
Тағы бiрде байқасаң:
Бəрi таныс маңайдың.
Iзi жатыр сайраған,
Əрбiр жылдың, əр айдың.
Өтiп жатқан күндерге
Бауыр басып аласың.
Басқа жақтан бұл жерге
Келмегендей боласың.
Ығы-жығы дүние..
Бiрi бар да, бiрi жоқ.
Келтiрер тек иiне,
Уақыт дейтiн құдiрет.
Бар, жоқ деген сол екен –
бiрi су да, бiрi бу.
Тiршiлiктiң жолы екен –
Бұзылу мен бiрiгу.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу