Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  69


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Қысқа тiзгiндi бос қойып...

Қысқа тiзгiндi бос қойып,
Ұзын шылбырдың ұшынан
Ұстап отыр Ақылды.
Күнiге алсын бес тойып,
Таз төбесi қышыған
Тақырға жай атыңды.
Сен аяуды бiлмедiң,
Ендi өзiңдi осы аттың
орнына бiр қойып көр.
Жайылым деп жүргенiң –
Ұшығындай масақтың
қылтанақты ащы сор.
Шылбыр жетер маңайды
Шыр айнала берген соң,
шиыр болмай, не болмақ.
Бұл тақырға талайды
Отырғызып келген соң,
Қожайын бiр дем алмақ.
Аттың ойы басқада:
Құдайы оны құтқарса
қожайыннан бұл арсыз,
Шөбi шүйгiн, суы мол
Құтты қара қонысын
табатыны күмəнсiз.
Ал, қожайын не дейдi?
«Тiзгiнiңдi босаттым,
Маған өкпең жоқ, шырақ...», –
Деп жымыңдап бiр қойды,
Шылбырын ол қасқа аттың
Өзiне қарай тартқылап.
Қысқа тiзгiндi бос қойып,
Ұзын шылбырдың ұшынан
Тартып отыр Ақылды.
Шаңқиған Күн астында
Ат жүр таптап, айналып
Шаңы шыққан тақырды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу