Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  77


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Өтiрiкке семiрген «Шындық» едiң....

Өтiрiкке семiрген «Шындық» едiң,
Тағам иiсi, ақшаның сылдыры едiң.
Кəрi терек секiлдi тамыры шiрiк,
Опырыла құладың, сынды белiң.
Айналаңа түсiрiп көлеңкеңдi,
Тұрушы едiң өсiрмей көк өркендi.
Құлағаның, сынғаның дұрыс болды,
Күнiн ойлай бастады ел ертеңгi.
Тақтан тайып сен кеттiң, шындық қалды,
Ал, шындықтың мойнында мың жүк бар-ды.
Iшiн ашып қарасаң, көрер едiң
Небiр аяр өтiрiк, сұмдықтарды.
Сұмдық кетсiн өзiмен, шындық қалсын,
Қойнауынан тарихтың сыр ақтарсын.
Бүгiнгi жас, iлескен келер ұрпақ,
Ақиқаттың үнiмен құлақтансын.
Көңiлде бар, өмiрде жоқ бейне көп,
Ұрынамыз сол жоққа, тек, кейде кеп.
... Мен шындықтың жүзiне қарай берем,
Өтiрiкке семiрiп кетпей ме деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу