Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  90


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Хан сарайда туғандар –

Хан сарайда туғандар –
Күн сарайда өледi.
Сəн-салтанат құрғандар
Алтыннан тақ өредi.
Улы, шулы өмiрге
Оқыс келiп, сасқан бар –
Қара лашық төрiнде
Дүние есiгiн ашқандар.
Жатырынан жарымай,
Келдi өмiрге Əлжуаз.
Қарындағы сары май,
Оған күлiп болды мəз.
Əлжуаздың, өйткенi,
Маймен iсi болмайды.
Секiлденiп Жойт қолы –
Бүйiрiн күнде оймайды.
Майға мазақ болудан
Құтылмайды Əлжуаз.
Бүйiрi томпақ қарыннан
Көрмей қалған қорлығы аз.
Қарын – арсыз, май – ойсыз,
Ал, Əлжуаз тым олақ.
Шiрiтер едi аяусыз...
Болғысы жоқ құмалақ!
Мынау у-шу өмiрде
Бiр жақсылық бар дейдi.
Медеу болсын көңiлге –
Қанағат пен Ар, мейлi.
Əйтсе де, өмiр аласы
Ішiнде ғой... Сезгейсiң.
Бар адамның анасы –
Бiр дегенге сенбейсiң.
Күн сарайға асықпа,
Хан сарайға бармайсың.
Тудың екен лашықта –
Одан ұзай алмайсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу