Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  107


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Текесте

Дәуiтбай ақсақалға



Қосқан сайын көлiктер сайға сайды
Жылдамдықтан шайқалып ой босайды.
...Тоқсан беске кеп қалған әкесiне
Шормановтар әулетi той жасайды. –
Жүйрiк жолға жол берiп құзға өрлеген,
Белестер де жарылды жүз бермеген.
Ұшқан сайын келедi тұлғаланып
Қиялдағы қария бiз көрмеген.
Тал да, тау да бiртiндеп бұлдырады,
Саңылаулар жарықты тұндырады.
Көлеңкелер жортып жүр,
Құшағында
Буыны жоқ сағымдар шыңғырады.


Сауықшыл жұрт жеткенде ауылына
Мiндi сәуле бұлттардың сауырына.
Ымыртты әбден қызартып,
тарта түстi
Хан Тәңірi қызғанып бауырына.
«Қызыл ымырт» жайлаған бiр түнектi
Тоқсаныншы жылдар кеп сiлкiп өттi.
Тоқсанында болмаған тойды Тәңір
Тоқсан беске жеткiзiп дүркiреттi.
Тiлек те айтты, ән де айтты әр ұялар,
(Сөз деген де өкпешiл дария бар),
Қарт тарихты ұрпаққа жалғастырып
Қалмақша да биледi қариялар.
Той жүргiзiп, менiң де дiлгiргенiм –
Қартпен жақын сұқбатқа үлгiрмедiм.
Тiрiсiнде жеткiзбей қадiрiне
Тарих солай көшедi – бiр бiлгенiм.
Таң бозынан қария түрегелдi...
Тiс жармайды ешкiмге жүрегi ендi.
Қарғып мiнiп атына,
Байынқолға
Текес бойын жағалап жүре бердi.
Қарт көңiлi – арғымақ,
Өрге ұшады,
Текес суы екпiндеп жер құшады.
Көкейде – осы қарсылық...
Көңiлiнде –
Мағынасыз кешегi ел құшағы...
Қарт келедi биiкке ұйып тегi,
Шың да, бiрақ, аспанға тиiп пе едi?


Ал, көне тау рухымен иықты едi –
Қарттың шөккен бойы да дәл осылай
Өлшемiмен тарихтың биiктедi.
2002 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу