Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  88


Автор: Ғұсман Жандыбаев

РАС, БIЗДЕР...

Мағжандарды кеше бiз масқаралап,
Итжеккенге айдаттық, тасқа қамап.
Ендi бүгiн есiмiз кiргендей боп,
Танытып-ақ жатырмыз басқа қабақ.
Өңшең аш ит үргендей арыстанға,
Оқ атқан кiм Күн маңдай арыстарға?!
Ақтабан жоқ, қодық ат озып жүрдi
Сəнi кеткен кейiнгi жарыстарда.
Шiркiн, бiздiң алақан қандай мықты:
Аспандаттық неше бiр даңғойлықты.
Қол соғамыз ендi бiз басқашалап...
Мен көрмедiм осындай шалғайлықты!
Қараңызшы, бiз қандай кең халықпыз:
Алыптардан айрылып, кем қалыппыз.
Кешiруден шығатын мүйiз болса,
Семiз едiк, бiз неге ендi арықпыз?
Сұқсырлар да бұлбұл боп бек сайрайды..
Соны көрiп, қазандай iш қайнайды.
Күнəһарлар құрметтен басы айналса,
Бiз шайнамай бармақты кiм шайнайды.
Хан Абылай түзеген елдiк көшi
Неге тайды ақ жолдан? Ненiң сесi?
Өткен өттi... Əйтсе де, сол күндерден
Санамызға бiр сабақ алдық па осы?
Рас, бiздер халықпыз ғажап батыр,
Таңдайға да болды ғой азап татыр.
Құрбандыққа шалмаса арыстарын,
Қонбайтыны несi екен қазаққа ақыл?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу