Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  64


Автор: Ғұсман Жандыбаев

МАШАЙЫҚҚА

Шеңгелiнде пəленiң
Тастама менi, машайық.
Ерте кет менi, кəне ерiм,
Екеумiз бiрге қашайық.
Жаудан қайтпаған жүрегiм –
Жаланың жемi болмақ па.
Байрақтық асыл жiбегiм –
Қатынға жаулық сол боп па.
Алдыңнан төнген дүрбiден –
Артыңнан ерген қарауыл,
Алыстан соққан гүрзiден –
Жақыннан таңған жала ауыр.
Зымыстанның алдында,
Қайтейiн, жаным қорланды.
Болған соң мазақ малғұнға
Табармын қайдан қорғанды.
Бəлелi к...тке бармағым
Қалайша менiң бұлғанды.
Қастер де тұтқан ардағым –
Қасиетсiз боп бұл қалды.
Улы тiл мен оқты көз –
Дауасыздың зорлығы.
Арға тиген ғайбат сөз –
Бұл дүниенiң қорлығы.
Ғайбат сөзден шошырсың –
Шоқ түскендей үстiңе.
Кез болмасын кесiр сұм
Тау тұлғалы күштiге.
Намысты ермен жаулассаң,
Бiлек күшiн бiр сынар.
Ез наданға кез болсаң,
Жүрегiңе бiз сұғар.
Сөз ұға алмас қақсал мен
парықсыздың жоқ құны.
Жау болса да жат көрмен
Уəжге тоқтар естiнi.
Намыс – елдiң ары ғой,
Наданға оны бермегiн.
Ездi жеңiп, абырой
Тапқан ердi көрмедiм.
Пəле қайдан демеңiз...
Жар астында – Қызыл көз.
Ақ ниетпен келемiз,
Болса екен-ау Қызыр кез.
Бас-көзi жоқ қаңқу сөз
Қадалады шаншудай.
Зая болар алтын кез –
Ит ластаған асыңдай.
Машайық-ау, машайық,
Келiп қалды, ойбай, жау.
Кел, қосылып қашайық,
Жалғыз маған болмайды-ау..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу