Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  65


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ЕРТЕГI

Құдайға шүкiр, үйiңде
Боқмұрындарың баршылық.
Ас iшiп, киiм киюге
Етпейдi олар қарсылық.
Бала ғой, бала... Ендеше
Тiсiне – алма қатты емес.
Бал шырын жақсы-ақ, амал не,
Кəмпиттiң аты – «Тəттi елес».
Ал, балалар ашқұрсақ,
Кiлгiрiп кеткен көздерi.
Ойнамайды олар асыр сап,
Сəбилiк мынау кездерi.
Үйге қайтсаң жұмыстан,
Балаларыңда – бар ойың.
Ал ол үйдiң президентi –
Iшпейжүрмес ағайың.
Айтпақшы, сенi бастықтар
«Құрылысшы» деп атайды.
Жағдайы бар жұрттар,
Саған зорлық жасайды.
Əлгi ағаң да сен салған
Жаңа үйге жайғасқан.
Ескiсiнiң бiр жағын
Саған жалдап, пайда ашқан.
Сырттан кiрген боранның
Жартысы үйден шықпайды.
Үй дегенiң – ағаңның
Қорасына ұқсайды.
Сол ағаңның, алдымен,
Көңiл күйiн «булайсың».
Содан кейiн радиодан,
Ауа райын тыңдайсың.
Үй дегенiң – бiр бөлме,
Жиһазға iшi толмайды.
Бiр бөлмелi бұл үйде,
Ас үй деген болмайды.
Халi бар ма қарны аштың,
Пəс қабақтар кiдиген.
Хош иiсi дəмдi астың,
Ауып кеткен бұл үйден.
Ат қорадай бөлмеге
Алты көңiл тұр сыйып.
Балаларға обал, өздi-өзi
Əр бұрышта бүрсиiп.
Үлкен ұлың он жаста,
Кiшiң төртке нық барды.
Оның бiрi– Олжас та,
Екiншiсi– Мұхтар-ды.
Ортадағы екеу де
Оңай емес, ғажап тек.
Оның бiрi– Қазақбай,
Екiншiсi– Азатбек.
Азан шақырып қойған бұл
Жеткiншектердiң аты осы.
Сол төрт ұлдың əкесi–
Құрылысшы һəм пəтершi.
Төрт қабырға əзiр жоқ,
Төрт тiреуiң бар сенiң.
Онда неге дел-сал боп,
Қашып отыр қан-сөлiң?
Кенет сенiң көзiңнен
Жалт еттi бiр от-ұшқын.
Атып тұрдың үстiнен
Илектенген қоқыстың.
Көңiлiң тұр ендi өсiп,
Өзiң де шын ерсiң ғой.
Ханмен тiке сөйлесiп,
Уəзiрлерiн менсiнбей.
– Əй, балалар, мұнда кел, –
Даусың шықты жiгерлi. –
Аман болса туған ел,
Өгейлiк жоқ бiзге ендi!
Ел еңсесi өрлерде,
Үстем болар мерейiң.
Кел, оданда сендерге
Əңгiме айтып берейiн.
... Аштық пенен суықтан
Тұралаған, бұрлыққан
Балаларыңа, сен, мiне,
Бүгiнгi күнгi шындықтан
Сəл алыстау... қиғаштау
Ертегi айтып отырсың.
Көзi ашылған бұл бастау
Тоқтамай ендi жосылсын!
Балалар ғой, бала əлi...
Ертегiге сенедi.
– Ал, бұл «Бақыт аралы»
Қай жерде? – деп төнедi.
Əңгiмеңдi жалғайсың:
«...баяғыда болған» деп.
Сен айта алмайсың
«Ертегi деген – арман» деп.
Ал, балалар қалжырап
Шаршаған ғой, аш бəрi.
Бiр кездерi... маужырап,
Ұйқы жеңе бастады.
Ертегiнiң жалғасын
Көрер ме екен түсiнде?
Ел ертеңi тоңбасын
Суық үйдiң iшiнде.
Сыртта боран. Есiктi
Жұлқылайды. Iшке енбек.
Балалар ұйқыға көшiптi.
Олар қандай түс көрмек?..
Жə, сен неге отырсың?
Дем ал. Ертең жұмыс қой.
Күн де ашылар, мол жайып
Шұғыласын күмiстей.
Ертегi естiп ұйықтаған
Балалардың ойы тоқ.
Көңiлiне нұр жұқпаған
Зердесiзден үмiт жоқ.
Бал жалаған балғындар
Тыныш болсын ұйқысы.
Таң нұрындай жарқырар,
Күн шұғылалы күлкiсi!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу