Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  84


Автор: Ғұсман Жандыбаев

МЕНIҢ АТЫМ

Алдар баба! Мен сенiң адашыңмын.
Ақиқаттың жолында аласұрдым.
Көңлi мырза бiр жанмын, қолы қысқа,
Қаспағына семiрген қара судың.
Бола берсiн бойға құт бұл су, мейлi,
Мың момынның ризығын бiр сұм жейдi.
Бес-ақ сомдық құны бар шендiбайлар
Менсiнбеген сыңаймен: «Кiмсiң?» дейдi.
Жауап берем күмiлжiп, көмескi үн боп:
«Көрiп тұрсыз, мен ешкiм емеспiн...» деп.
Өйткенi, оның алдына, он теңгелiк
Ісiм түсiп барамын, елес күрмеп.
Ол: «Жоқ!» дейдi.
– Неге бар, ал, анаған?
– Ол кiсi ме?.. Қоғамға керек адам!
Атағы бар, аты бар болғаннан соң,
Берем десе, өкiмет бередi оған.
Зығырданым қайнайды... сəл тоқтаймын.
Болмаған соң қолда күш, жалтақтаймын.
Осындайда, оллаһи, асыл баба,
Сiзден басқа шағынар жан таппаймын.
Ойы арамның қолы арсыз, алалаған,
Атқа қайдан жарысын адал адам.
Болмаған соң Жаяудың бəрi Мұса,
Бай ауылдың итi əулие абалаған.
Олжаласа алаяқ Ардың малын,
Билер қайда ойлайтын елдiң қамын.
Түйе баққан кездерiн ұмытпайтын,
Абылай деп кiм айтар ханның бəрiн.
Əкiмдер көп бұл күнi ел бiлетiн,
Қызметiнен кеткен соң, ендi жетiм.
Ақындардың өмiрi арман кiмге,
Əкiмдерден хал сұрап, телмiретiн.
Асау қайда құтылар күнi жеткен,
Қуғыншы бар қулығын құрық еткен.
Əулиелiгi Сананың таңсық кiмге,
Тепкiсiнде тұрмыстың ғұмыры өткен.
Мен бiр күнi айнаға қарап едiм,
Өз сиқымнан шошыдым, нала жедiм.
Сiзден ұят, əз баба... Əйтпесе ме,
Бiреу ғұрлы əкiм боп алар едiм.
Бiр шындық бар белгiлi Əлiппеден:
Мұңы басқа семiздiң арық пенен.
... Мен секiлдi аты жоқ миллиондардың
Құдай қойған аты бар – ХАЛЫҚ деген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу