👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  17


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Мен әлемнiң кеңдiгiн өлшеп өтем...

Қайырғазы Алтыбаевқа.



Шындық мiнiп сұмдықтың арқасына,
Жасырынды мезгiлдiң қалқасына.
Адамзаттың қадiрi саудаланып,
Түсiп жатты тарихтың қалтасына.
Сүңгiп шықты қиялым сан аңызға.
Ақыреттiң жүрегiн жарамыз ба?
Секунд сайын сан түске боялады
Ар елiнiң картасы санамызда.
Жанарынан мезгiлдiң сұрақ тамып,
Шындық күлдi ғайыпқа сыр ақтарып.
Жарық күннiң «құтқар» деп,
Жағасынан
Ала түстiм құрдымға құлап барып.
Қасiреттiң тұтқындап қарашығы,
Сүрiндiрдi Тәңірдiң дара сыны.
Жылап жаттым,
өңменнен барады өтiп
О дүниенiң ұлыған борасыны.
Тамұқ торып үрiп жүр күдiк кiмге?
Жынның есiн шығардым күлiп мүлде.
Бiр саңылау таба алмай тырмысып ем,
Сынып кеттi сағымы үмiттiң де.
Айналып ем содан соң албастыны
Көзiнде оның байқалды алғаш мұңы.
Дүниенiң тәртiбiн өзгертпек ем
Құлағыма Құдайдың жалғасты үнi.


Әлем бүгiн телмiрдi жыр маңында.
Аттас күштер сыйыспай жүр қанымда.
Тәнiмдi ал деп қашамын адастырып,
Жаным кетсе ажалдың тырнағында.
Уақытты жылдамдық жеңсе бекем,
Бәрi де оның санамның бөлшегi екен.
Әр аттастың теңселiп арасымен
Мен әлемнiң кеңдiгiн өлшеп өтем.



1993 жыл.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы