Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  116


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ӨЛГЕН ЖЫЛАННЫҢ ҚҰЙРЫҒЫ(НА)...

Өлген жылан! Басың жоқ. Шауып алған.
Ал, құйрығың аумайды жаны бардан.
Сен ұқсайсың дауасыз өкiметке
Өзi құрып, құбыжық заңы қалған.
Өлген жылан! Ер қайда-ау, сiз секiлдi,
Табылар ма сiзге дос бiз секiлдi.
Басың қайда демей-ақ, құйрығыңа
Тағзым етiп тұрамыз құл секiлдi.
Ал, құйрығың керемет! Ол бiр аңыз.
Диiрмен тартар күштiнiң өзi нағыз.
Бассыз денең баяғы əдетiнен
Танар емес... Нəлет-ай, тегi жауыз!
Өлген жылан! Сездi екен артың ненi...
Басың бақыр, құйрығың алтын ба едi.
Тақтан тайған патшаның тəжi тектес
Саған тəнтi – тəркi елдiң əркiмдерi.
Еш күмəн жоқ, кезiңнiң келгенiне –
Ерiккеннiң айналар ермегiне.
Көрiп, бiлiп, сезiп тұр ел де, мiне..
Тек, сенбейтiн секiлдi өлгенiңе.
Ендi қайтсiн. Жүйкесi сықырлайды.
Тышқанды үйге қашанда тықыр қайғы.
Бұл дүниеде өзгерiс болмағандай,
Бас орнында құйрығың тыпырлайды.
Бас жоқ сенде. Мəз емес жағдайың.
Зар шеккендер айтуда «а, құдайын».
Ал, оларды қорқытып құйрығыңмен,
Сиқыршылар құбылтты ауа райын.
Өлген жылан! Өзiңе риза қулар.
Сен кеткенмен, запыран бiр жалын бар.
Шаруаң бiткен. Басың жоқ. Бiрақ əлi,
Құйрығыңды ойнатып жүр залымдар.
Олар көптiң тiлеуiн тiлеген боп,
«Бас кеткенмен, құйрық сау, мiне, көр!..» – деп,
Қорыққанды қорқытып, аңқауды алдап,
Бəз-баяғы жолымен жүре бермек.
Сенiң жансыз құйрығың бұлғақтаған..
Көз ақысы мың есе қымбаттаған.
Түбi терең дəу қалпақ жанында тұр –
Кiмдiкi едi ол? Сол жағы жұмбақ маған.
Кеткендей ме менiң де күйiм анық,
Тұтқынында елестiң жиi қалып.
Кейде шошып оянам, сол қалпақты
Өз басыма түсiмде киiп алып.
Өлген жылан! Адалмыз аруағыңа.
Қарамаймыз басыңның бар-жоғына.
Ала қаптың аузынан құйрығыңды
Қылтыңдатып көрсетсе болғаны да..
Өлген жылан! Қылыш ең – сермегенге...
Мен қандаймын, сəулем-ау, сен дегенде.
Құйрығыңнан ендi өлсем айырылмаймын,
Өлi балық жолығар өлмегенге.
Заманыңда ер-ақ ең, оқ батпаған,
Су жұқпаған үстiңе, от қаппаған.
Өлген жылан, сен неткен бақытты едiң,
Құйрығың бар – басыңды жоқтатпаған.
Сергелдеңмiн – түскенде сен есiме,
Сенбеймiн – бұл фəнилiк емесiңе.
Бағынудан құдайым айырмаса,
Табынамыз ендi бiз елесiңе.
Жансыз денең қалайша жүз секiрдi?..
Табылар ма бiзге айбар сiз секiлдi.
Өлген жылан! Басың жоқ. Құйрығыңды
Пiр тұтатын құл қай-да-ау, бiз секiлдi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу