Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  111


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ҚАРА ЛАШЫҚ, АҚ ҚАМШЫ

Үйде, түзде, көшеде... қысыл, қазақ!
Тағдырың сол. Жорыған түсiңдi азап.
Керi баққан көткеншек жылқыдайын
Төрт тағандап тұрып ал, пысылда, жат.
Қысыл, қазақ, болмайды қысылмасаң.
Мейманың бар үйiңде, бұ сұм масаң.
Қазақтығың қайсы –
өзiң далада қап,
Қонағыңа төрiңдi ұсынбасаң.
Қысыл, қазақ! Сенде – iзет, көкеңде заң!
Сыйламасаң бiреудi – кетер мазаң.
Бөркiңдi онда аспанға ат, алақай,
Кiсi келдi үйiңе, көтер қазан.
Қысыл, қазақ! Осылай ұйғарылды.
Еркелет те еркiнсiт мейманыңды.
Сен аш жүрмей, ол қайтып тоқ болады?..
Үйiре бер, əйтпесе, иманыңды.
Жолың қысаң, жерiң кең бiр жазғансың,
Тау пейiлдi тар үйде туған жансың.
Итарқаға сыйдырған он баласын
Отағасы секiлдi тым маңғазсың.
Екi аяғың көсiлсең далаға асып,
Сол жатысың баяғы алаң-ашық.
Кең сарайдан кем емес саған əлi,
Жиреншеге бұйырған қара лашық.
Сыртқа бəйек, iшiңе iрiсiнген
Мiнезiңдi бiлгендер – тым iсiнген.
Əсеттейiн «ажалды сатып алған»
Тағдырың сол, көрерсiң мұны кiмнен.
Қысыл, қазақ, еркiң жоқ қысылмауға,
Қысыр жылан iргеңнен ысылдауда.
Атаң қазақ оны үйден шығарарда
Басына ақ құятын, бұ сұм жауға...
Менiң жырым – ақ қамшы, түсiнбе жат,
Арда намыс оянса – құсың да азат.
Қойдай жуас, жылқыдай тектi едiң ғой,
Сыртың қоңыр, болсыншы iшiң ғажап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу