👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  13


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Мәңгiлiктi құшақтап...

(бард-толғау)
Сойқан құрып сенiмдер санамда тағы
Жындандырып тарихты арандатады.
Құдайдан да бiр күнә сезiп қалса егер
Ақыреттiң өзi де арам қатады.
Арандатып тылсымды қаңғырып келем
Тәңірдi де күнәға қандырып көрем.
Өлтiрсем де ажалды тiрлiктiң бәрiн
Күндес қылғым келмейдi мәңгiлiкпенен.
Құштарлығым сейiлдi заңғарға көптен
Жiбiмесем нұрыңа таңданба, көктем.
Санама ылғи сүрiнiп жаратылыс та
Оқи алмай жанымды арманда кеткен.
Абалатып тағы да үмiтке менi
Адамзаттық сенiмдер бiрiкпеп едi.
Құдай берген кеңшiлiк санамызға ендi
Құдайды да сыйдырмай үрiп келедi.
Бiлсем дағы еңiреп үмiт те өтерiн
Күлiп тұрып бас тiктiм күдiкке тегiн.
Мәңгiлiктi құшақтап жылыта алмасам
Жылап қайтып өзiме сiңiп кетемiн.


Құлшындық та құрдымды жастандық күрең.
Бақытқа өлшем – бақ емес, бостанық, бiлем,
Шырқырама шындық деп –
Шындықтың дағы
Жолыңа ендi құрғаны қастандық кiлең
Жүрегiмдi талауға шашылып болған
Тiсi тидi фәнидiң асығып барған.
Мәңгiлiктiң өзi де қылмыскер едi
Ғалам сыйған жанымды жасырып қалған.
Ғалам болып тiрiлiп тұрып қарадым –
Дүниенi бiр жаққа бұрып барамын.
Теңсiздiктер қылғасын күнәнiң бәрiн
Күнәһар деп ешкiмдi сұрыптамадым.
Тiрiлсемде қанша рет,
Тозаққа басым
жаралмапты
О дүние мазақтамасын.
Шындық бекер менi де жазалайды әлi
Өтiрiктiң ұқпаса ғажап бағасын...


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы